Алматының Баум тоғайында 3 мыңнан астам ағаш кесілетін болды
«Зерттеулер көрсеткендей, саябақтағы ағаштардың 30%-ы зиянкестер арқылы ауруға шалдыққан. Яғни, 3 311 ағаш өлі және апатты деп саналады. Олар міндетті түрде санитарлық кесуге жатады. Санитарлық кесу - қорғаныш шарасы, себебі бұл ағаштар уақытылы кесілмесе, басқа сау ағаштарға ауру жұғуы мүмкін», - деді «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи саябағы» КММ маркетинг, мониторинг және бақылау бөлімінің басшысы Бауыржан Сайлаубеков.
Ол ағаштар кезең-кезеңімен жойылатынын, биыл 500 қарағай мен үйеңкі кесу жоспарда бар екенін айтты. Олардың орнына жаңа ағаштар егіледі. Сондай-ақ, 7 мыңнан астам ағашқа санитарлық кесу жүргізілмек.
Спикердің айтуынша, әлі кесуге рұқсат етілген жоқ.
Баум тоғайының аумағында 49 түрлі барлығы 104 500-ге жуық тал-дарақ бар. Оның 7 түрі қылқанжапырақты және 42 түрі жапырақты.
Академик, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры Бұлқайр Мәмбетов тоғайдың жағдайы нашар екенін мәлімдеді.
«Табиғи орманда 10 жыл ішінде барлық ағаштардың шамамен 5-10 %-ы өледі. Бірақ мұнда жасанды жағдай жасау және мамандардың араласуы қажет. Мысалы, апаттық ағаштар саңырауқұлақ ауруларынан зардап шегеді, егер олар жақын уақытта кесілмесе, онда 10 жыл ішінде бүкіл тоғайды жоғалтып алуымыз мүмкін», – деді ол.
Спикер қалпына келтіру жұмыстарына және емдеуге 37 187 ағаш жататынын айтты. Оларға шамалы зақымдануы бар немесе ағашбөркі біржақты тармақталған екпе ағаштар жатады.
«Кез-келген, тіпті, жабайы орманға да күтім қажет. Жылына 2-3 рет химиялық өңдеу жасау керек. Қазір көптеген емен, талшындар сарғайып кеткен. Бұрын Қазақстанда мұндай ауру болмаған. Сондықтан орман шаруашылығына күтім жасау керек», - деді спикер.
Бұлқайр Мәмбетов биыл дің зиянкестері мен аурудың таралуын болдырмау мақсатында санитарлық-сауықтыру іс-шараларын, оның ішінде қураған, апатты ағаштарды жинау, құрғақ бұтақтарды кесу және тазарту жоспарланғанын атап өтті.
«Апаттық ағаштар бүкіл орман алқабында шоғырланған. Олардың орнына жаңа ағаштар отырғызу жоспарлануда. Баум тоғайы - қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны, оның оазисі. Сондықтан, құрғақ ағаштардың болуы саябаққа келушілер үшін қауіпті, әсіресе желді күні», - деді Ботаника және фитоинтродукция институтының аға ғылыми қызметкері, дендролог Инга Бабай.
Зоология институтының «энтомология» зертханасының жетекші ғылыми қызметкері, сарапшы-энтомолог Перизат Есенбекова тоғайды өткен жылғы зерттеуден соң, аумақта жәндіктің 67 түрі анықталғанын, оның 27-сі зиянкес екенін мәлімдеді.
«Біз зиянкестерден мысалы қабықшы қоңыз, жапырақ жегіш, қандала және басқа да қоңыздарды таптық», - деді ол.
Айта кетейік, 9 маусымнан бастап «Медеу» өңірлік табиғи саябағы Баум тоғайында биыл жоспарланған санитарлық жұмыстар тақырыбында қоғамдық тыңдаулар өткізуді жоспарлап отыр.