19:02, 05 Қаңтар 2016 | GMT +5
Алматының бірқатар соттарында кадрлық ауыс-түйістер орын алды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық сотының төрағасы Ақжан Ештай аудандық соттардың ұжымына жаңа төрағаларды таныстырды, деп хабарлайды аталмыш ведомстваның баспасөз қызметінен.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Алтынбек Баянов Бостандық аудандық сотының төрағасы болып тағайындалды. Ол бұған дейін № 2-ші Әуезов аудандық сотының төрағасы қызметін атқарып келген болатын. Ал № 2-ші Әуезов аудандық сотының төрағасы болып, Батыс Қазақстан облысының сот жүйесінде сегіз жыл қызмет атқарған Ербол Түлеев тағайындалды. Ол соңғы екі жыл барысында Қазталов аудандық сотын басқарған. Сонымен қатар, Алатау аудандық сотының төрағасы қызметіне бұған дейін № 2-ші Алмалы аудандық сотында судья қызметін атқарып келген Дәурен Тілеубаев тағайындалды.
«А. Ештай жаңа төрағаларға жаңа қызметте сәттілік тілеп, сот әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа міндеттерді атап көрсетті», - делінген хабарламада.