Алматының Ботаникалық бағы қалай өзгереді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы ботаникалық бақтың болашақта келбеті қандай болып өзгереді? Бұл туралы ҚР БҒМ Ғылым комитеті Ботаника және  фитоинтродукция институтының басшылары айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл аталған институттың құрылғанына 85 жыл толады. Осы уақыт аралығында Ботаникалық бақ екі рет қайта жаңғырту шараларынан өтті.

2014 жылы институт мамандары халықаралық озық тәжірибелерге және Қазақстан заңнамасына сүйене отырып, даму және қайта жаңғырту тұжырымдамасын қабылдады.

2014 жылдың мамырында сол кездегі министр Аслан Сәрінжіпов Бақтың даму тұжырымдамасын жасау үшін ведомствоаралық топ құру туралы бұйрық шығарған еді. 2015 жылы бақтың Даму қоры құрылды. Бұл тұжырымдамалардың барлығы 2016 жылы қоғамдық кеңесте мақұлданды.

«Қазіргі таңда 1:500 масштабта топографиялық түсірілім жасалды. Барлық арықтар мен инженерлік желілердің құрылысы көрсетілген. Бұл карта қалалық әкімдікпен келісілген. Қызыл желілер сызылды. 1:200 масштабында 20 мың ағаштың орналасуы тіркелді.

Бақ ішінде кореялық технология бойынша жылыжай кешені салынды. Мұнда 450 шаршы метр аумақтағы өсімдіктер автоматты режімде күтіледі.

«Декоративті гүлдердің арнайы учаскесі салынып, емдік өсімдіктер, жабайы жеміс беретін өсімдіктер, альпинарий қоршалды», - деді Институттың бас директоры Гүлнар Ситпаева.

Сондай-ақ, бақ ішінде болашақта гербарий қоры, тұқым банкі, конференц-зал, библиотека мен өсімдік әлемінің музейі ашылады.

Нысанның ішінде электронды гид үш тілде экскурсия жүргізетін болады.

 «Тұжырымдама бойынша Тимирязев пен әл-Фараби көшелерінен кіреберіс жасалады. Жаңа әкімшілік ғимарат бірегей дизайнмен жасалады. Мұнда жаңа оранжереялар,  климатрон, жылыжайлар, шай үйі, ойын алаңдары, мүсіндер бағы, ағаш астындағы көпір, жүректер бағы, өсімдіктерден жасалған шытырман жолдар ашылады. Концепт-дизайн бойынша Ботаникалық бақта wi-fi болады. Жаңа суғару жүйесі, жаңа күзет жүйесі іске қосылады»,- деді ол.

Соңғы жаңалықтар