Алматының денсаулық саласында оң динамика қалыптасты
Алқа кеңесінің кеңейтілген отырысында басқарма басшысы 2017 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2018 жылға қойылған міндеттер бойынша есеп берді.
Алқа кеңесіне Алматы қаласы әкімінің орынбасары Марат Дәрібаев, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық ұйымдарының өкілдері, AFEW International, UNAIDS (ЮНЭЙДС) өкілдері, ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың басшылары, медициналық жоғары оқу орындарының, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің аумақтық комитеттерінің және Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы өңірлік филиалдарының басшылары, денсаулық сақтау жүйесінің еңбек сіңірген қайраткерлері, басқарма алқа кеңесінің мүшелері және медициналық ұйымдардағы байқау кеңестерінің мүшелері, штаттан тыс жетекші мамандар және қаланың медицина қызметкерлері қатысты.
Денсаулық сақтау басқармасы қала әкімдігінің және ҚР ДСМ қолдауымен 2017 жылы денсаулық сақтау саласын дамытудың бірнеше бағдарламасы аясында кешенді шараларды жүзеге асырған болатын.
Атап айтқанда, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдауын және Алматы қаласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру шеңберінде біршама жұмыстар атқарылды.
Басқарма басшысы Серікбол Мусиновтың айтуынша, 2017 жыл оң нәтижелермен аяқталды.
Атап айтқанда, нəресте өлімі - 7%-ға, туберкулезден болатын өлім - 8%-ға төмендеді. Жазатайым оқиғалардан, жарақаттардан және уланудан болатын өлім көрсеткіші 21%-ға төмендеді. Бұл көрсеткіш бойынша мемлекет ішінде Алматы 3-ші орында тұр. Қатерлі ісіктен болатын өлім - 7,5%-ға азайып, қатерлі ісіктері бар науқастардың өмірі 2,9%-ға өсіммен байқалады. Халықтың туберкулезбен сырқаттануы 4,4%-ға төмендеді.
Семіздіктің таралуы 24%-ға төмендеді. Есірткіге тәуелділікпен наркологиялық есепте тұратын адамдар саны 17%-ға азайған.
"Барлық осы жетістіктерге әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінің жүргізген сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылының нәтижесінде, сондай-ақ қаланың медицина қоғамының осы іске салған күшінің арқасында қол жеткізілді. Денсаулықтың негізгі индикаторларына қол жеткізу өңірдің әлеуметтік саулығы мен онда тұратын тұрғындар денсаулығының ықпалдастырылған индикаторларының бірі - халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы тұрақты түрде өсіп жатқанын көрсетті - 75,9 жыл. Бұл мемлекет бойынша үздік нәтиже", -деді Серікбол Мусинов.
Оның айтуынша, 2017 жылы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру 73 іс-шара бойынша жүзеге асырылды. Олардың ішінен 23-і биыл жүзеге асты.
Былтыр қалада Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға 17,7 млрд теңге жұмсалды.