Алматының ер азаматтары қуық асты безінің қатерлі ісігіне жиі шалдығады - баспасөз мәслихаты

АЛМАТЫ. 10 мамыр. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда Еуропа мен АҚШ-тағы ер адамдардың ең басты проблемаларының бірі қуық асты безінің қатерлі ісігі болып отыр.
None
None

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Мамандардың айтуынша, қатерлі ісіктің бұл түрі Еуропада кең таралған. Онда әрбір 1000 еркектің ішінде 214-і сырқаттың осы түріне шалдыққан.

Қуық асты безінің қатерлі ісігіне көбіне жасы ұлғайған адамдар шалдығады. Сондықтан бұл дерт қарт адамдар көп қоныстанған, дамыған елдердің басты проблемасына айналып отыр. Дамыған елдерде қатерлі ісікке шалдыққан ер адамдар 15 пайызды құраса, дамушы елдерде ол - 4 пайыз.

«2010 жылы Қазақстан республикасында бұл аурудың таралу қарқыны шамамен 5 пайыз  болатын. Алматы қаласы аталмыш дертке шалдығу көрсеткіші жағынан алдыңғы орында тұр, нақты айтқанда, орташа республикалық көрсеткіштен екі есе жоғары. Мәселен ол республика бойынша 100 мың адамға шаққанда 4,1 болса, Алматыда - 7,7», - дейді Алматы қаласының бас онкологы Диляра Қайдарова.

Оның айтуынша, сырқаттану деңгейі 2009 жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға артты. Дегенмен соңғы жылдары ауруды ерте анықтау және емдеу жақсы үрдіске айналды, 1-2 сатыдағы простата рагының үлес салмағы төмен. ҚР бойынша орташа көрсеткіш 36,7 пайыз болса,  Алматыда ол 34,3 пайыз.  2010 жылы 3-сатыдағылардың үлесі  Қазақстанда 42,7 пайыз, ал Алматыда 49,5 пайыз болды. Мамандарды Алматы қаласында дәрігерге қаралмай, ауруы меңдеп кеткен сырқаттар санының үш еседен де артып кеткені алаңдатып отыр. 2010 жылы Қазақстан бойынша 4-сатыдағылардың үлесі 20,6 пайыз (2009 - 20,4), Алматы бойынша 16,2 (2009 - 5,8%) пайыз болды. Медициналық көмекке жүгінген науқастардың 75 пайызға жуығының ауруы әбден асқынған. Оның үстіне, жасы 50-ге жетпеген ер адамдар арасында қуық асты безінің рагына шалдығушылар көбейіп кеткені алаңдатарлық жағдайда.

2011 жылы «Ерлер денсаулығы» қоғамдық бірлестігі Қазақстанның 9 аймағында эпидемиологиялық мульти-зерттеулер жүргізген болатын. Зерттеу нәтижесінде дәрігерге қаралған ер адамдардың 29,05 пайызының еркектік безінде қатерсіз ісік - гиперплазия (өскін) пайда болғаны анықталды. Дәрігерлер мәліметіне қарағанда, еркектік безінде гиперплазия пайда болған ер адамдар саны жасына қарай артып барады: 40 пен 49 жас аралығындағы ер адамдар - 26%, жасы 75-тен асқандар - 76,8%.

Соңғы жаңалықтар