Алматының хайуанаттар бағында ұзақ өмір сүруші құстар мен жануарлардың санағы жүргізілді (ФОТО)
Сонымен, зообақты ұзақ уақыттан бері мекендеп келе жатқан ең кәрі құстардың бірі қаршыға тұқымдас жыртқыш құс - жұртшы. Ол сонау 1960 жылы Мәскеу зообағынан әкелініпті. Ертең, 13 шілдеде ол 56 жасқа толады.
Тағы бір ұзақ өмір сүруші - абиссиниялық (эфиопиялық) мүйізді қарға. Ол да Мәскеу зообағынан 1975 жылы 4 шілдеде жеткізілген. Ал Мәскеуге ол өзінің негізгі мекендейтін отаны - Эфиопиядан әкелінген. Көне заманда Эфиопия елінің - Абиссиния деп аталғанын айта кеткен жөн.
Қанаттылардың тағы бір өкілі - ұрғашы үкі. Ол Алматы зообағында 1986 жылдан бері өмір сүріп келеді. Жыл сайын жұмыртқалайды. Биылдың өзінде үш балапаны өмірге келді.
Лақап аты Бухтелка деп аталатын ұрғашы түйеқұс та Алматы зообағында ұзақ жылдан бері өмір сүріп келе жатқан құстардың бірі. Ол 1984 жылы Ресейдің Краснодар өлкесіндегі жас натуралистер стансасында жұмыртқасын жарып шыққан. Бір жылдан кейін Алматы зообағына жеткізілген.
Ақ аю биыл 1 желтоқсанда 27 жасқа толады. Негізі ақ аюлар 25-30 жыл өмір сүреді. Алайда, Канаданың Виннипег қаласындағы зообақта мекендеген лақап аты Кристина атты ақ аю 42 жыл өмір сүрген. Ал Азияның ыстық климатын ескерсек, 27 жас - ақ аю үшін тамаша көрсеткіш.
Австралиялық бақылдауық бақа да ұзақ өмір сүрушілердің бірі. Ол уылдырықшасынан 2002 жылы пайда болған.
Маймылдың бір түрі - жапондық макака 21 жасқа толды. Әдетте олар 25-30 жыл өмір сүреді. Кубалық және мадагаскарлық тарақандар да ардагерлер сапында. Олардың өмір сүру ұзақтығы - 2-5 жыл.
Олардан басқа, зообақта 1979 жылдан бері өмір сүріп келе жатқан күшіген, 1981 жылдан бері өмір сүріп келе жатқан субүркіт бар. Сондай-ақ, бүркіт, ақиық бүркіт, құмай, кубалық айдаhар жылан, жамансары құс, пони, лашын, гималай аюы және басқа да құстар мен жануарларды айтуға болады.
«Әрине, қарттар, ардагерлер күні деген атаулар бар ғой. Бірақ, әлемде ұзақ өмір сүрушілер күні жоқ екен. Біз бейресми болса да ертең, 13 шілдеде Ұзақ өмір сүрушілер күнін атап өтуді ұйғардық. Неге дәл осы күн? Кейбір деректер бойынша, 1960 жылы 13 шілдеде Алматы зообағына Мәскеу зообағынан жұртшы құсы әкелінген. Ол биыл 56 жасқа толады», - делінген хабарламада.