17:37, 02 Наурыз 2009 | GMT +5
Алматының ІДД мен ЖПБ өкілдері «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы жетекшілерімен жүздесті
АЛМАТЫ. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін Алматыда Ішкі істер департаменті және Жол полициясы басқармасы басшылығы «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының жетекшілерімен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырыста жол полициясындағы жемқорлыққа қарсы күрес бойынша мәселелер талқыға салынды. Алматы қаласы ІІД ЖПБ бастығының орынбасары Ермек Құсайыновтың айтуынша, жол қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында нақты іс-шаралар атқарылып келеді. «Десек те жол полициясының жеке құрамы арасынан азаматтардың конституциялық құқықтарын және бостандықтарын қорғау бойынша заң бұзу әрекеттері кездесіп отыр. Бұл қоғам алдында біздің органның беделіне нұқсан келтіруде. Мысалы, 2008 жылы 212 жол полиция қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ тұрғындар атынан заңсыз әрекеттер жасағаны жөнінде 13 қызметкердің үстінен арыз-шағым түскен, 7 қызметкерге қатысты қылмыстық істер қозғалды», - дейді Е. Құсайынов.Жол полициясы қызметкерлерінің ар-сана деңгейлерін көтеру мақсатында тәртіптілікті бекіту және ҚР жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын сақтау бойынша қосымша сабақтар өткізіліп тұратын болады. Бұдан басқа, 2009 жылы «Нұр Отан» ХДП-мен бірлескен түрде жемқорлыққа қарсы заңнамаға сәйкес іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Жиында белгілі болғандай, үстіміздегі жылдың наурыз айында Жол полициясы басқармасының жеке құрамын аттестациядан өткізу көзделуде. Комиссиядан өте алмағандар басқа қызметтерге ауыстырылмақ.