Алматының іргесінде гидроэлектрстанция зауыты салынуы мүмкін - ҰҒА

Қала әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы өзекті мәселелерді шешетін 50-ге жуық ғылыми жобаны қарастырған. Іріктеліп алынған 11 жоба әкімдіктің талқысына түсіп, кейбірі оң бағаланыпты.
Соның бірі – электр энергиясы тапшылығының алдын алатын шағын гидроэлектрстанция зауыты. Бұл инновациялық еңбектің авторы жобаны шетелдік инвесторларға таныстырып, келіссөз де жүрген. Қала басшысы жобаны қолдауға дайын екенін айтады. Зауыт Алматының іргесінен салынуы мүмкін.
Ғалымдар аталған зауыт арқылы ішкі қажеттілікті қамтып қана қоймай, шет мемлекеттерге экспортқа шығарып, экономикаға серпін беруге болатынын айтады. Бұл жоба өндіріске айналған күні отандық ғылым бір саты жоғары көтерілмек.
Қолдау тапқан тағы бір жоба қаладағы көлік жүйесінің Sergek Digital Twin цифрлы көшірмесі көлік және жаяу жүргіншілер туралы ақпарат жинауға негізделген. Бұл жоба интеллектуалды бағдарламалық кешенді жинақтауға мүмкіндік береді. Полиция жүйесінің жұмысына кедергі келтірместен ақпаратты толыққанды өңдеу мүмкіндігі мол.
«Алдыңғы қатарлы халықаралық тәуекелдерді бағалау бағдарламаларын пайдалана отырып, жол қауіпсіздігін арттыру» жобасы жолды бір және бес жұлдызды тәсілмен бағалайды. Жоба авторлары жол сапасын бағалайтын халықаралық iRAP бағдарламасын елімізге икемдеп, QazRAP бағдарламасын енгізу қажеттігін жеткізді. Еліміздегі жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу, жол-көлік апаттарының санын төмендету, өлім-жітімді болдырмау мақсатында көлік қозғалысын ғылыми тұрғыдан зерттеп қана қоймай, басқарудың зияткерлік жүйелерін әзірлеумен айналысу кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр.
ҚР ҰҒА ұсынған жобалардың тәжірибелік үлгілері, заманауи жабдықталған зертханалары, практикалық базалары, цифрлық жылжымалы зертханалары бар, яғни коммерцияландыруға дайын. Қай-қайсысы да қолайлы орта қалыптастыруда тиімді», - делінген ҰҒА баспасөз мәлімдемесінде.