Алматының қазақ тіліне деген қамқорлығы жоғары
Бұл туралы бүгін www.almaty.kz сайтында өтіп жатқан интернет конференция барысында қаладағы қазақ тілінің ахуалына қатысты сұраққа жауап берген Алматы қалалық жастар саясаты басқарасының бастығы Бақтияр Мәкен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жастар саясаты басқармасының бастығы атап өткендей, 20 жыл бұрын қалада санаулы ғана қазақ мектебі болса, қазір олардың саны 50-ге жетті. Бүгінгі күні 70 мыңдай бала қазақша оқиды. Салынған жаңа мектептердің барлығы қазақ мектебі болып ашылып жатыр. Бұл мемлекеттік тілге қамқорлықтың барлығын көрсетеді.
«Бүгінде жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында қалалық әкімдік тарапынан болсын, жастар ұйымдары тарапынан да айтарлықтай жұмыстар жасалуда. Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқармасы өткізетін іс-шаралардың 90 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қалалық жастар мен жасөспірімдер демалыс орталықтары жетекшілерінің 60 пайызы өзге ұлт өкілдері болса да, іс-қағаз айналымы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Жоғары оқу орындарымен бірлесе жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Студенттер арасында «Ана тілім - ардағым» байқауы, «Қазақстан - біздің ортақ үйіміз!» этнофестивалі, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді білу туралы жарыстар өткізіліп тұрады», деді Б.Мәкен.
«Дегенмен, бұл салада әлі де шешілмеген мәселелер жоқ емес. Жылдар бойы қалыптасқан тілдік ахуалды аз уақыттың ішінде өзгерту қиын. Бұл орайда, елдегі нақты жағдайды барынша ескеруіміз қажет. Бізге, ең алдымен, елдің берекесі, ынтымағы мен бірлігі қажет. Тіл саясаты - татулықтың құралы болуы тиіс, деп атап өтті қалалық жастар саясаты басқармасының бастығы.