Алматының Қоғамдық кеңесінде автокөлік тұрақтарын бірыңғайландыру жүйесі талқыланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін оңтүстік астананың Қоғамдық кеңесінің отырысында «Алматы қаласындағы ақылы көлік тұрақтарының бірыңғай автоматтандырылған жүйесін құру» жобасы қарастырылды. Отырысқа әр түрлі департамент өкілдері мен қала әкімдігінің қызметкерлері, сондай-ақ, қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, жолаушылар көлігі, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларының өкілдері қатысты.

Жобаны Алматы қаласы әкімдігінің тапсырмасы бойынша дайындаған «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС-і ұсынды.

Қоғамдық тыңдалым барысында ақылы көлік тұрақтарының бүкіл әлем бойынша көліктерді реттеу құралы ретінде, сондай-ақ ірі қалалардың тұрғындарына барынша кең, еркін өмірлік кеңістік қалдыру мақсатында қала орталығында көліктерді азайту үшін қолданылатыны атап өтілді.

Көлік тұрақтарының бірыңғай автоматтандырылған жобасы қаланы жетілдіру жоспарына сәйкес дайындалған. Ол әлемдік стандарттарға сәйкестендірілетін болады. Халықаралық тәжірибені толық зерттеу негізінде әзірленген бұл жоба, бірнеше кезеңдерден тұрады. Бірінші кезеңде ақылы көлік тұрақтарының аймағымен қаланың көлік көп жүретін көшелері қамтылады. Сонымен қатар, қалалық эвакуаторлар қызметі құрылады. Жоба аясында қоғамдық көліктердің соңғы аялдамалары, метро станциялары және қалаға кіретін жолдарды қамтитын көлік тұрақтарындағы тегін көлік тұрақтарын кеңейту жоспарланған. Ал, қала ішінде қазіргі таңда қолданыстағы көп сатылы көлік тұрақтарын көбейтуге және жаңаларын тұрғызуға ерекше назар аударылады.  

«Алматыда көлік тұрақтарының жүйесін енгізу - көшелік жол желілеріне түсетін салмақты жеңілдетіп, қала ішіндегі орташа қозғалыс жылдамдығын арттырып, басқа қалалық көліктердің ағынын реттеуге мүмкіндік береді және жаяу жүргіншілердің қозғалысын барынша қауіпсіз ете түседі. Бұдан басқа, экологиялық жағдайды да айтарлықтай оңалтуға көмектеседі, - деді өз сөзінде «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС директоры Марат Пірінбеков.

Кеңесте автокөлікті ақылы тұраққа қою бағасы алғашқы кезде, яғни алты ай бойы - 100 теңге болатындығы айтылды. Кейін, тарифті көтеру мәселесі қаралады. Бұл жерде Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүгедектерге және әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға жеңілдіктер қарастырылған. 

Тыңдалым барысында қалалық Жолаушылар көлігі Басқармасының басшысы міндетін атқарушы Ерлан Әділов Алматыдағы машиналардың саны алаң бірлігімен есептегенде Мәскеудегі көрсеткіштен екі есе жоғары екендігін атап өтті. Қалада тіркелген көлік құралдарының саны және басқа қалалардан келетін көліктер ағыны жыл сайын арта түсуде, қала орталығы автокөліктерге толы.  Жол полициясының мәліметі бойынша, Алматыда күн сайын шамамен 17 000 автокөлік тұраққа тыйым салынған жерге қойылады. Сондай-ақ жүргізушілер машиналарын бір жерге қойып, оны ұзақ уақыт бойы пайдаланбайды. 

Қоғамдық тыңдалым барысында өз пікірн білдірген сарапшылар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері жобаға жақсы баға берді. Алматы қаласының қоғамдық кеңесі айтылған барлық ұсыныстарды ескере отырып, «Алматы қаласындағы ақылы тұрақтардың бірыңғай автоматтандырылған жүйесін» мақұлдауға шешім қабылдады. Сынамалы жобаны тәжірибе жүзінде жүзеге асыру ай соңында қолға алынады. 

Соңғы жаңалықтар