Алматының қоғамдық көліктеріндегі «қояндар» қандай қулыққа барады
Спикердің айтуынша, Алматының қоғамдық көліктегі бақылаушылары жыл басынан бері жол ақысын төлемеген жолаушыларға байланысты полицияға 113 рет хабарласқан. Тиісінше, 113 жолаушының үстінен әкімшілік хаттама толтырылды.
«Кейінгі кезде жолаушылардың жол ақысын төлемеу үшін түрлі айлаға баруы жиілеген. Олардың көбі жол картасына ақшаны салғанына әлі 15 минут өтпегенін жиі айтады. Бұл жағдай оларды жол ақысын төлеуден босатпайды және сапар алдында картасына төлемнің уақтылы түсуін қадағалауы тиіс. Ал, жеңілдік картасы барлар, мысалы зейнеткерлер, оқушылар жол ақысын төлемей, карточкасыз жүруге болады деп ойлайды. Сондай-ақ, жастар көбінесе SMS немесе QR теріп қойып отыра береді, бақылаушы кіргенде ғана төлей салады. Ұялы телефонның экран жарығын басып, телефонының өшіп қалғанын айтатындар бар. Төлем скриншотын жасап, соны бірнеше рет көрсете беретіндер де болады. Біз қазір біз бұл айлалардың барлығын жіктедік және әрбір бақылаушы алгоритм бойынша қалай тексеру қажет екенін жақсы біледі», - деді Омархан Абылайхан өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында.
Ол жол ақысын төлемеу қала маңына қатынайтын маршруттарда өзекті күйде қалып отырғанын айтты.
«Қазір бұл мәселеде оң динамика байқалады. Егер 4 жыл бұрын қалалық маршруттарда жол ақысын төлемеу шамамен 30% болса, қала маңындағы маршруттарда 70%-ға дейін жеткен. Бүгінгі күні жағдай жақсарды, яғни біздің бүгінгі есептеуіміз бойынша қалалық маршруттарда жол ақысын төлемеу шамамен 20% болып отыр», - деді спикер.