Алматының көлік проблемасын қаладағы көше жүктелімдерін айтарлықтай төмендету, экологиясын жақсарту және өмір сүру жағдайы қолайлылығын арттыру сынды жайттармен кешенді шешу қажет - Т.Әбдірахманов

АЛМАТЫ. 7 қазан. ҚазАқпарат - Бұған дейін хабарланғандай, ағымдағы жылы Алматыда қоғамдық көлік жылы деп жарияланған болатын. ҚазАқпарат тілшісінің осы бастама аясында бүгінге дейінгі аралықта не жасалды әрі алда тағы қандай шараларды жүзеге асыру қажет, сонымен қатар оңтүстік астананың салалық проблемаларын шешу жолдары қандай деген сауалдарына Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Талғат Әбдірахманов жауап берді.
None
None

- Талғат Әбдікәрімұлы соңғы жылдары оңтүстік астана көлік инфрақұрылымын дамытуда өте жақсы қарқын көрсетуде. Дегенмен де көлік қозғалысының көптігі Алматының жайлылығы мен экологиялық ахуалын нашарлататындығы анық. Осы ретте сіздің пікіріңіз қандай?

- Экономика өсімі халықтың әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізіп, қаладағы автомобильдер санының күрт артуына түрткі болды. Қазіргі уақытта олардың саны 521 мыңнан астам бірлікті құрап отыр, ал халықтың автомобильдерге ие болу деңгейі әрбір 1000 адамға 350-ден астам жеңіл көлікке жетті. Мұның барлығы да инфрақұрылымды дамытуға бюджеттің шектелуі, жергілікті құрылыс жүргізудің ерекшеліктері мен өзгешеліктері салдарынан бірнеше есе артта қалу аясныда жүруде. Соның нәтижесінде елдің ең үлкен қаласындағы көлік жүйесі тұрақты артып отырған жүктемеге душар болып отыр.

Шындығында да көлік белсенділігінің жоғары деңгейі өмір сүру жайлылығын нашарлатады. Қалада қозғалу жылдамдығын төмендетеді, халықтың өнімсіз уақыт шығыстары мен экономикалық сектордағы көліктің кідіруі арта түседі. Көілк қозғалысына қатысушылар санының тұрақты өсуі және жол жағдайының қиындай түсуі қауіпсіздікке де өз әсерін тигізеді. Алматыдағы жол апатының көрсеткіші әлемнің дамыған елдеріндегі көрсеткіштен ондаған есе асып отыр. Автокөлік атмосфера ауасын ластайтын негізгі көз болып отырғандығы да рас. Көліктердің шығарындылары тұрақты арту үстінде әрі дәл қазіргі уақытта атмосфераға тарайтын лас қалдықтар жиынтығының 95 пайызына жетіп, жылына 200 мың тоннаны құрауда. Қаланың басым бөлігінде автокөлік у-шумен ластау көзіне айналған.

- Алматының тұрақты дамуы көлік жүйесіндегі жүктелімнің арта түсетіндігін әрі бұл одан әрі дағдарысқа душар ететіндігін көрсетіп отыр. Мұндай проблемаларды шешудің жолы қандай?

- Мұндай жолдар өте жақсы белгілі. Оларға территорияны дамытуды полицентризмдеу, жол инфрақұрылымдарын жетілдіру, көлік түйдегін реттеуді оңтайландыру, қоғамдық көлікті басымдықты дамыту, жекеменшік автокөлік құралдарын пайдалануға түрлі шектеулерді енгізу сынды шаралар жатады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай мұндай құралдар жиындығындағы басты кезең жалпы пайдаланылатын қоғамдық көліктер болып табылады. Ол ең алдымен осы міндеттерді шешуге сай келеді.

Соңғы 3 жылдың ішінде қала әкімшілігі көптеген жұмыстар атқарды: қоғамдық көлік жұмысын қадағалайтын диспетчерлік жүйе қалпына келтірілді, жылжымалы құрам тұрақтайтын және жүргізушілер демалатын соңғы айналма алаңдарын қалпына келтіру басталды, аялдамалар салынуда, байқау негізінде бағдарларды беру жүйесі жолға қойылды. Тасымалдаушылар арасындағы бәсекелестікті күшейту үшін коммуналдық автопарк салынды, азаматтардың жекелеген санаттарына жеңілдіктер беру жүйесі реттелді, жолаушылар көлігін дербес басқару ұйымдастырылды, бағдар желілерін кезең-кезеңімен оңтайландыру жүргізілуде, электронды билет беру қолға алынуда. GPS-навигация көмегімен барлық қалалық қоғамдық және коммуналдық көліктердің жұмыстарының үйлестірілуіне жауап беретін «Алматы қ. көлік холдингі» ЖШС» атты жаңа коммуналдық кәсіпорын құрылды. Аталған жүйе онлайн режімде көліктердің жұмыстарын қадағалауға мүмкіндік береді. Бұлардан бөлек 2012-2016 жылдарға арналған жолаушылар мен жүктерді автотасымалдауды дамыту бағдарламасы әзірленді. 2011 жылдың желтоқсан айында қаланың орталық бөлігі арқылы өтетін метрополитеннің бірінш желісінің бірінші кезеңі іске қосылды. Бірінші кезеңнің ұзындығы 8,287 шақырымды құрайды.

Қазіргі уақытта жеңіл рельсті көлік желісі құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Аталған жобаның құрылысын қаржыландыру үшін қала әкімдігі мен Еуропалық даму және қайта құру банкі арасындағы меморандумға қол қойылды. Шетелдік тәжірибеге балама жеңіл рельсті көлік желісін құру 3-3,5 жыл уақытты алуы мүмкін. Аталған жоба іске қосылғаннан кейін жиілігі 4-6 минут болатын 28 құрам тәулігіне 150 мың жолаушыны тасымалдауға қауқарлы болмақ.

Жобаның жалпы құны 300 млн. АҚШ долларына тең. Бұл ретте мемлекет тарабының жеңіл рельсті көлік желісінің құрылысына салатын үлесі шамамен 100 млн. долларды, ал жеке инвесотрлардың депо мен жылжымалы құрам сатып алуға қосатын қаржысы 200 млн. долларды құрайды.

Ағымдағы жылдың желтоқсанында екінші коммуналдық автобус паркінің құрылысы аяқталады және 2014 жылы үшіншісінің құрылысы басталады. Бұл үшін қала әкімдігімен Еуропалық даму және қайта құру банкінің кредиттік қаржысы есебінен 200 автобус және жергілікті бюджет есебінен 400 автобус пен 200 такси сатып алынады. Бұл парк газбен жұмыс істейтін болады. Ал 200 автобус пен 200 такси жеке тасымалдаушыларға қызмет көрсетуге беріледі.

Тролейбус паркінің тозуына байланысты Алматы әкімдігімен оның жылжымалы құрамын жаңарту бойынша шешім қабылданды. Еуропалық даму және қайта құру банкі ұсынған кредиттік қаржы есебінен 195 жаңа тролейбус сатып алынады. Бұдан бөлек жергілікті бюджет қаржысы есбеебінен ағымдағы жылы 17 тролейбус сатып алу көзделіп отыр.

Жолаушылардың қауіпсіздігі және оларға қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында жаңа талаптарға сай келетін аялдама кешендерін жаңғырту және салу жұмыстары қолға алынуда. Жыл соңына қарай олардың саны 500-ге жететін болады. Қазір 2 мың аялдама бар. Инвесторлармен заманауи аялдама павильондары мен электронды ақпараттық табло орнату бойынша келіссөздер жүргізілуде.

- Алматыда тұрақты қалааралық және облысаралық бағдарларға қызмет көрсететін «Сайран» мен «Саяхат» автобекеттерді жұмыс істейді. Біреше жыл бойы аталған нысандарды қала сыртына көшіру жайында әңгіме жүруде ғой.

- «Сайран» мен «Саяхат» автобекеттері қалалық, қала маңы және қалааралық тасымалдауға қызмет көрсетеді. Тәулігіне орташа есеппен 240-тан астам рейс орын алса, оларда 10 мыңнан астам жолаушы қатынап тұрады. Дегенмен бұл кәсіпорындар баяғыдан-ақ қала ортасында қалғандығын сезініп отыр әрі оның аумағы қаладан тысқары жерден келген тасымалаушыларды өзіне тарта түсуде. Міне бұл жағдай көліктік ахуалды қиындатып, жол жағдайы мен экологиялық қауіпсіздікті нашарлатып жібереді. Өйткені, күнсайын Алматыда мыңнан астам басқа қалалардан автобустар келеді. 2006 жылдан бері бзұл нысандарды қаланың шеткі аймағына көшіру мәселесі қарастырылуда.

2012-2016 жылдарға арналған автомобильмен тасымалдауды дамыту бағдарламасы аясында қала шекарасында үш бекет пен 2 автостансаның құрылысын салу қарастырылған. Олардың әрқайсысында кемінде 5 мың көлікке арналған автотұрақ салынады. Қалаға кіре берістерде барлық көліктер үшін сағатына 20 шақырымға дейінгі жылдамдық режімін шектеу қарастырылған. Мұндай жылдамдық режімінде жеке көлік иелері автомобильдерін автопаркингте қалдырып, қоғамдық көлікке отырады деп санаймыз.

Бұдан бөлек БҰҰ Даму бағдарламасының «Алматы қ. тұрақты көлік» жобасы аясында паркоматтар орнатылған ақылы тұрақтарды ұйымдастыру мәселесі зерделенуде. Көлік тұрақтары жүйесін реформалау экологиялық ахуалды жақсарту мен халықтың қоғамдық көлікті пайдалануға ынталандыратын қаланың көліктік жүйесін дамытудың тұрақты стратегиясын алға жылжытудың маңызды элементі болып табылады. Қала әкімдігінің БҰҰ ДБ жобасының халықаралық сарапшыларымен ынтымақтаса отырып әзірленіп жатқан стратегия қала орталықтарындағы қоғамдық көліктерге бөгет жасап, жол жиегінде қалдырылатын көліктер жүктемесінен арылтуға бағытталған.

Соңғы жылдары Алматыда велосипедпен жүру танымал көлік түрлерінің біріне айналып келеді әрі оны одан әрі дамытуға басымдық беріледі. Осыған орай 2010 жылы ілкі жоба ретінде Абай даңғылы бойымен бірінші велосипед жолы салынған болатын. Үш жыл бойы ерте көктемнен, күздің қара суғына дейін демалыс күндері қала әкімі мен тұрғындардың қатысуымен велошеру ұйымдастырылып келеді. Жыл сайын аталған шараға қатысушылардың легі де арта түсуде.

Міне осынау кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқан барлық шаралар қаладан тысқары жерден келетін көліктер легін төмендетуі және қаланың орталық бөлігінде жеке көлікті пайдалануды қысқартуы тиіс. Бұл өз кезегінде Алматының экологиялық ахуалын жақсарта түсетіндігі сөзсіз. Жалпы көлік проблемасын кешенді шешу қажет.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар