Алматының сел басқан аудандарынан 49 мың текше метрден астам қатты тұрмыстық қалдықтар мен лай шығарылды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласының селден зардап шеккен аудандарында авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін Қарағанды қаласында орналасқан ҚР Ұлттық Ұланы Азаматтық қорғаныс полкінің күштері мен құралдары келіп жетті.

Алматының сел басқан аудандарынан 49 мың текше метрден астам қатты тұрмыстық қалдықтар мен лай шығарылды (ФОТО)

Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖ комитетінің Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасынан хабарлады.

Жеке құрам жалпы білім беретін №185 мектеп ғимаратына орналастырылды. Сондай-ақ 146 адам мен 16 құтқару және инженерлік техника, оның ішінде авариялық-құтқару, автогрейдер, жүк тиегіш, трал, санитарлық, вахтовка, жүкті өзі аударғыш (самосвал), далалық асхана автокөліктері де келіп, бүгін селден зардап шеккен Алатау ауданының Алғабас шағынауданында селдің салдарын жою жұмыстарын бастап кетті.

Сонымен қатар, кешелі бері Алматы облысынан ҚР Ұлттық Ұланы Азаматтық қорғаныс полкі жеке құрамының қосымша 130 адамы ТЖ аймағында тазарту жұмыстарымен айналысуда.

Жұмылдырылған күштер мен құралдардың көмегімен Наурызбай, Алатау және Әуезов аудандарындағы көшелер мен жолдарды, үйлер мен мектептерді, жертөлелер мен аулаларды тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы қала сыртына 49000 текше метр келетін қатты тұрмыстық қалдықтар мен селмен келген лай шығарылды.

ТЖ комитеті бөлімшелері күштерінің тікелей қатысуымен Қарғалы өзенінің 3 шақырым арнасы тазартылды.

ТЖК Республикалық жедел-құтқару жасағы және Алматы қаласының Құтқару қызметімен қираған ағаштардан келетін қауіпті жою жұмыстары жүргізіліп, жалпы 44 тал кесілді.

Құлақтандыру автокөлігі арқылы әр сағат сайын зардап шеккен аудандарды аралау, жедел штабтың жұмысы мен «қауырт желі» нөмірі, зардап шеккен тұрғындарды қабылдау бекеттері мен тамақтандыру және алғашқы медициналық көмек көрсету туралы мәліметтерді жеткізу жүзеге асырылуда.

Жалпы авариялық-қалпына келтіру жұмыстарына 2228 адам мен 404 техника жұмылдырылды.