Алматының ұлғаюына байланысты екінші жылу электр орталығының қуаты 1 млн. Гкал.-ға көбейтілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының ұлғаюына байланысты екінші жылу электр орталығының (ЖЭО-2) қуаты жылына 1 млн. Гкал.-ға көбейтілді. Бұл туралы бүгін Алматыда БАҚ өкілдері үшін қаладағы энергия кешендері бойынша жасалған көшпелі жиын барысында Алматының екінші жылу электр орталығының (Алматы ЖЭО-2) басқарушы директоры Бейсембек Сабырқұлов мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, бұл көрсеткішке жаңа бойлерлік қондырғының іске қосылуының арқасында қол жеткізіліп отыр. «Бойлерік қондырғының құрылысы 2011 жылы маусым айында басталып, 2013 жылдың қыркүйек айында аяқталды. Құрылысқа барлығы 13, 166,8 млн. теңге жұмсалды. Бойлерлік қондырғы биыл екінші жыл жұмыс істеп жатыр. Орталықтың қуаты 1 миллион гигакалорияға көбейді. Соның арқасында қалаға қатысты үш маңызды мәселе шешілді. Біріншіден, қала орталығында орналасқан Бірінші жылу электр орталығының (ЖЭО-1) жұмысы жаз мезгілінде осы біздің бойлерлік қондырғыға жүктеледі. Ал бұл, қаланың экологиялық ахуалының едәуір жақсаруына, ауаға шығарылатын зиянды қалдықтардың азаюына септігін тигізеді. Екіншіден, қала аумағының кеңеюіне байланысты жаңадан қосылған елді-мекендер, сонымен қатар жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер жылу және электр энергиясымен жеткілікті қамтамасыз етілуде. Үшіншіден, біздің орталықтың маңында алып Индустриялдық аймақ салынып жатыр. Оған да қажетті жылу мен электр энергиясын біздің орталық беретін болады», - деді өз сөзінде Б. Сабырқұлов. Айта кетелік, Алғабас кенті маңында орналасқан 2-ші жылу электр орталығы қазіргі таңда Алматы қаласы аумағының 54 пайызын жылумен, ал 48 пайыз аумағын электр энериясымен қамтамасыз етеді. Орталықтан қалаға сағат сайын 135 градусқа дейін ысытылған 5000 тонна су жіберіліп отырады. Ал суытылып, қайта оратылған 3000 тонна су, 5000 тоннаға дейін толықтырылып және 135 градусқа дейін ысытылып, қалаға қайта жіберіледі.

Соңғы жаңалықтар