Алтай аймағы – адамзаттың шаңғы тебуі алғаш басталған жерлердің бірі - шетелдегі қазақ баспасөзі
Моңғолия Түркияға киіз үй мен ет өнімдерін жіберді – «Kaznews»
Моңғолия Үкіметі тарапынан Хатай қаласындағы зілзаладан зардап шеккендерге көмек қолын созу үшін 20 киіз үй, 1500 көрпе, 10 тонна ет өнімдері, 2 тонна шам жіберген болатын, деп хабарлайды Моңғолияның «Kaznews» ақпараттық порталы.
Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Түрік жұртына көмек ретінде жіберілген моңғол киіз үйлері тиелген жүк көлігі Хатай қаласына жеткен.
Алтай аймағы ― адамзаттың шаңғы тебуі алғаш басталған жерлердің бірі –People.cn
Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесі Алтай аймағы ― адамзаттың шаңғы тебуі алғаш басталған жерлердің бірі. Шаңғы тебу ғасырлар бойы осы аймақтағы тұрғындардың ең басты салтының біріне айналды, деп хабарлайды Қытайдың «People.cn» ақпараттық порталы.
Аталған басылымның мәліметінше, Алтайда тұратын қытайлық жергілікті халықтар ― ұрпақтар бойы қолданып келген аң мен мал терісінен дайындалған дәстүрлі шаңғыны жасауға шебер. Олардың атасы да, әкесі де шаңғы теуіп өскен, ол ұлдарына да осы дәстүрлі өнерді үйретіп келеді.
«Аң терісінен жасалған дәстүрлі шаңғының ерекшелігіне тамсанғыңыз келсе, онда видеоны басыңыз», деп жазады қытайлық БАҚ.
Бұл видеода қар шаңғының қалай жасалатыны туралы жергілікті Шығыс есімді тұрғын түсіндірген.
Сондай-ақ, Шығыстың үш баласының үлкені Мейірбек қар шаңғы жарысында мемлекет бойынша бірінші болғаны айтылған.
Қазақстандағы әзербайжан диаспорасынан Түркияға киіз үй– «TRT»
Түрік әлемі Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендерге көмек жіберуді жалғастыруда. Қазақстанда тұратын әзербайжандықтар Орталық Азияға ғана тән киіз үйді Түркияға жібереді.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, эпицентрі Кахраманмараш болған жер сілкіністерінен кейін аймаққа көмектер жалғасуда. Баршасы осы аймақтағы апаттың зардабын жеңілдетуге тырысып жатыр. Апаттың алғашқы күнінен бастап түрік әлемінің де қолдауы зор болған. Қазақстандағы әзербайжан диаспорасы да өз арасында көмек жинапты. Жиналған сомаға қазақтың ұлттық киіз үйі сатып алынған.
Қазақстандағы Әзербайжан диаспорасының басшысы Әбілфас Хамедов Қазақстандағы 200 мың әзербайжандықтың атынан түркиялықтарға көңіл айтқан.
Қытай-Қазақстан шекарасындағы «Бақты» өткелінде сауда қайта басталды - People.cn
20 ақпаннан бастап «Бақты» өткелі Қытай-Қазақстан шекарасындағы ортақ базар - Жібек жолының мәдени тауар қаласы өз жұмысын қайта бастады, деп хабарлайды «Халық» газеті.
Аталған басылымның дерегінше, Тарбағатайдағы «Бақты» кеден бекеті - мемлекеттік бірінші дәрежелі шекара бекеті. Ол Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласынан небәрі 12 шақырым жерде орналасқан. Жібек жолының мәдени тауар қаласы - Қазақстандық тауарлар мен сыртқы сауда өнімдерінің көрмесін, келіссөздерін, саудасын және электронды коммерциясын біріктіретін заманауи сауда платформасы.
«Мұнда экспресс-логистика, тамақтану және ойын-сауық, іскерлік келіссөздер және жылжымайтын мүлікті басқару аймағы, өзара көмек тобының есеп айырысу және тауарларды сатып алуды декларациялау орталығы бар», деп жазады қытайлық басылым.
Сонымен қатар, осы аптада «People.cn» ақпараттық порталында «Қазақстан арпасын тиеген пойыз Цзянсиге жетті» деген ақпарат жарық көрді.
Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, 17 ақпан күні Ганьчжоу халықаралық құрлық портына 130 тонна қазақстандық арпаны тиеген «Жаңа Жібек жолы» нөмірлі Орталық Азия пойызы келіп тоқтады. Жеткізілген арпа бұдан соң Ганьчжоудағы биотехнологиялық компанияның өндірістік зауытына жіберіледі.
Сондай-ақ, Орталық Азия пойызы Қазақстанның Ақмола облысынан жолға шығып, Шыңжаңдағы Алашанькоу кеден бекеті арқылы Қытайға кіргеннен кейін, Ганьчжоу халықаралық құрлық портына жетті. Сапар 20 күнге созылды.
Қытайлық басылымның дерегінше, Қазақстандық арпаның сапасы жақсы, бағасы да төмен. Өнімнің өзіндік құнын тиімді төмендетуге мүмкіндіктің болуы, кәсіпорындар арасында арпаның танымалдығын арттырған.
Айта кетейік, өткен жылдан бастап Қытайға қайтатын пойыздармен тасымалдау көрсеткіштерін зерттегенде, олардың зауыты Орталық Азияның «Жаңа Жібек жолы» нөмірлі пойызы арқылы құны шамамен 19 миллион юань болатын 7100 тоннадан астам қазақстандық арпаны импорттаған.
Иран мен Қазақстанның ынтымақтастығын кеңейту керек – «Parstoday»
Қазақстанның Маңғыстау облысы мен Иранның Гүлістан облысының экономикалық делегацияларының ортақ отырысында екіжақты ынтымақтастықты кеңейту керегі айтылды, деп хабарлайды «Parstoday» ақпарат агенттігі.
Аталған ақпарат агенттіктің хабарлауынша, Маңғыстау облысының сауда делегациясы Иранның Гүлістан облысы мен Қазақстан арасында экономикалық байланысты дамыту әлеуеттерін қарастыру мақсатында сәрсенбі күні Горган әуежайы арқылы Гүлістан облысына келді.
Гүлістан облысы әкімінің экономикалық істер жөніндегі орынбасары Мұхаммед Дехнави сәрсенбі күні кешке Горганда Маңғыстау сауда-экономикалық делегациясы және Гүлістанның атқарушы орган басшылары мен экономикалық белсенділері арасындағы отырыста сөз сөйлеген. Ол өз сөзінде, Горганда 7 мыңнан аса қазақтың өмір сүруі Гүлістан облысы мен Қазақстан республикасының тарихи байланысының белгісі екенін тілге тиек еткен.
Оның айтуынша, Қазақстан делегациясы Гүлістан облысының ауыл шаруашылығы және балық өнеркәсібіндегі тәжірибесі мен әлеуеттеріне қызығушылық танытты. Екікүндік сапарда осы мәселелер терең талқыланды.
Маңғыстау облысы әкімінің экономикалық істер жөніндегі орынбасары Қанат Құлжанов қазақтардың жеміс-жидек пен көкөніс өсіру және құрылыс материалдарын шығару саласына инвестиция салуға қызығатынын айтқан.
Ташкентте халықаралық марафон өтеді - «ӨзА»
2023 жылдың 12 наурызында Ташкент қаласында «V International Tashkent Marathon» марафоны және республиканың 13 облысында «Жаңа тыныс» жүгіру жарысы өтеді.
Жарыста 42 шақырымдық классикалық марафон, 21 шақырымдық жартылай марафон, сондай-ақ 3 және 10 шақырымдық жаппай жүгіруден тұрады, оған әуесқойлармен қатар кәсіпқой спортшылар да қатыса алады.
Бұл туралы осы аптада өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, марафон және жартылай марафон қашықтыққа 18 жасқа толған азаматтарға қатысуға рұқсат етілгені, соңғы екі қашықтыққа қатысу үшін жас шектеуі жоқ. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Жалпы жүлде қоры 259 миллион 720 мың сумды құрайды.