«Алтай» Азия клубтық чемпионатында екінші жеңісіне қол жеткізді

None
Фото: instagram.com/altayvc
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өскеменнің «Алтайы» Вьетнамда (Виньфук) волейболдан өтіп жатқан ХХІІІ Азия клубтық чемпионатында екінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Юрий Панченконың шәкірттері «В» тобында бүгін Моңғолияның «Khuvsgul Erchim VC» командасымен шеберлік байқасты. Матч өскемендіктердің айқын басымдылығымен өтіп, олар 25:12, 25:9, 25:11 есебімен жеңіске жетті.

Бәсеке барысында команда капитаны Сана Анарқұловаға қоса, Светлана Парухова, Ирина Малькова, Сара Сакрадзия, Анджела Веселинович, Елизавета Мейстер, Валерия Чумак, Мәдина Бекет, Томирис Сағымбаева, Зарина Ситқазинова секілді ойыншылар бір-бірін алмастырып, алаңға шықты.

Осылайша, «Алтай» екі турдан кейін 5 ұпай жинады. Ертең өскемендіктер өз тобындағы басты қарсыласы, қытайлық «Liaoning Donghua VC» клубымен сынға түседі. Егер оны жеңсе, өз тобынан жартылай финалға бірінші орынмен шығатындай мүмкіндік бар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Өскеменнің «Алтайының» волейболдан Азия клубтық чемпионатын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар