Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі - Қазақстанның шығысындағы түркітілдес халықтардың халықаралық конференциясы

КЕМЕН. 26 тамыз. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Бүгін Өскемен қаласында «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» атты алғашқы Халықаралық форум өз жұмысын бастады.
None
None

Форум жұмысына Қазақстан, Ресей, Жапония, Түркия, Корея сияқты 12 мемлекеттен танымал түркітанушылар, фотосуретшілер, дипломаттар мен ғалымдар қатысты. Аталмыш ғылыми бас қосудың ұйымдастырушысы - Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі.

Форумның шымылдығын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашып, қатысушыларды түркі әлемін насихаттап, осы бағытта ауқымды істер атқарып жатқан ғалымдарды форумның басталуымен құттықтады.

- Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен Өскемен қаласында өтіп отырған «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форумның мақсаты - түбі бір түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтау және қайта жаңғырту, Алтайдың археологиялық және мәдени ескерткіштерін қалпына келтіру, кең мұрасын сақтау, Алтай өңірінің экологиялық және тарихи-мәдени әлеуетін тереңдете зерттеу жөніндегі мемлекетаралық жобалар құру және оларды іске асыру болып табылады, - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай форумға қатысушыларға Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың құттықтауын жеткізді.

- Алтай ежелден «өркениет бесігі» - Еуразия құрлығындағы көптеген түркі халықтарының атамекені саналады. Өзінің табиғатынан ғажайып өлке Еуразияның географиялық және саяси орталығы болып табылады. «Ұлы көші-қон» уақытында Таулы Алтай аумағы көне мәдени дәстүрлерді сақтаушылардың трансмиграциясы өткен «дәліз» болды. Шығыс пен батыс халықтарын бірлікке үндейтін ғажайып өңірдің қайта жаңғыруы жолында одан арғы қадамдарын айқындайтынына сенемін - делінген Президент құттықтауында.

Ғылыми форумның пленарлық мәжілісі Дархан Мыңбайдың «Алтайтану және түркітану: жаңа кезең және жаңа талап» атты баяндамасымен өз жалғасын тапты. - Біз, тәуелсіз Қазақстан Республикасы, еліміздің тарихына, бастау-тамырына өте ықыласпен қараймыз. 2006 жылы 26 мамырда жастарға арнап оқыған тарихи дәрісінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ұлттар тауарлармен және қызметтермен ғана бәсекелеспейді, олар қоғамдық құндылықтар жүйесімен, білім беру жүйелерімен бәсекелеседі» деп атап көрсеткен болатын. Осы ойды бүгінгі алтай, түркі халықтары қарым-қатынасы, бауырластығы тұрғысынан байыптай қарсақ, шынында да бізге ортақ тарихымыздағы құндылықтарды қазіргі күннің шындығымен лайықты сабақтастыра білуіміз керек. Тәуелсіздік алғалы бері біз Түркия Республикасымен, ТМД ішіндегі және оған енбейтін түркі елдерімен қоян-қолтық байланыс орнаттық. Астанада Елбасы идеясымен Түркі академиясы ашылды. Сондай-ақ Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университеті, Алматыдағы С.Демирел атындағы университет, басқа да университеттер абыройлы жұмыс істеп жатыр. Жалпы, отандық гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттары мен университеттердің алтайтану мен түркітану бағытындағы зерттеулері жүйеленіп, салаланып келеді, - деді өз баяндамасында.

Форумға ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасеинов, Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Лале Улькер ханым, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Харад Юдзо, Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің Консулы Квон Донг-Сок және Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі істеріндегі уақытша сенімді өкілі Сергей Тарасенко қатысты.

Соңғы ғылыми зерттеулер көрсеткендей, Алтай - Қиыр Шығыстан Еуропаға дейінгі аралықты мекендейтін сан-алуан халықтардың атамекені. Берел қорғанындағы қазба жұмыстары адам өркениетінің ең ежелгі қоныстары осында орналасқанын тағы бір айшықтай түсті. Сондықтан Шығыс Қазақстан Түркі мәдениетінің жұрнағын қорғаушы өлке саналады.
Халықаралық Форуммен қатар, 17-27 тамыз аралығында ШҚО әкімдігі мен ТҮРКСОЙ Қазақстанда алғаш рет ТҮРКСОЙ VIII халықаралық фотосуретшілер зертханасын өткізіп жатыр. Шараға Ресей, Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Татарстан, Башқұртстан, Тува Республикаларының өкілдері қатысуда.

Форум аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мен Форум қатысушыларының БАҚ, қоғамдық ұйымдар және этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесуі өтті.

Ертең, 27 тамызда Қатонқарағай ауданы Берел мұражайының маңында тігілген киіз үй қалашығында «Алтай - алтын бесігім» атты түркі тілдес халықтардың Халықаралық дәстүрлі музыкалық фестивалі өтеді.

Соңғы жаңалықтар