Алтайдан Каспийге дейін: неміс туроператорлары елдегі төрт туристік бағытпен танысты
АСТАНА. KAZINFORM - Германияның туристік индустриясының 60-тан астам өкілі Қазақстанның бірнеше өңірін аралап, елдің туристік мүмкіндіктерімен танысты. Алтайдан Каспий жағалауына, Алматыдан Түркістанға дейін барған мамандар Қазақстанның неміс саяхатшыларына қандай бағыттар ұсына алатынын және олардың қайсысы Германия нарығында қызығушылық тудыруы мүмкін екенін саралады. Сапардан кейін туроператорлар бүгін Астанада өткен DRV Destination Forum аясында алған әсері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Аталған форум Германияның ірі туристік қауымдастығы Deutscher Reiseverband (DRV) және FVW медиатобының бірлескен жобасы аясында Kazakh Tourism-нің қолдауымен ұйымдастырылды. 20-24 тамыз күндері неміс делегациясы төрт бағыт бойынша турларға шығып, Алматы мен Алматы облысын, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарын, сондай-ақ Шымкент пен Түркістан өңірін аралады.
Қазақстанға Германиядан 65-тен астам туризм өкілі келді
Сапарға қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, еліміздің әр өңіріндегі туристік мүмкіндіктермен танысты. FVW Medien бас редакторы Александр Кругтың айтуынша, Қазақстанға Германияның туроператорлары мен туристік компанияларының 65-тен астам өкілі келген.
— Бүгінгі форумның ерекшелігі — осы сапарға қатысқан 65 адамның барлығы алған әсерімен бөлісіп, суреттерін көрсетіп, сан қырлы, көркем Қазақстанды неміс туристеріне қалай тиімді таныстыруға болатыны жөніндегі идеяларын ортаға салады, — деді ол.
Осылайша, неміс туризм саласының мамандары Қазақстанды сырттай танып қана қоймай, елдің туристік әлеуетін өз көзімен бағалауға мүмкіндік алды. Олар көрікті жерлермен қатар, туристік бағыттардың қолайлылығына, инфрақұрылымға және өңірлердің турист қабылдау мүмкіндігіне кәсіби тұрғыдан назар аударды.
— Соңғы бірнеше күннің өзінде біз әдемі әсер алдық. Елдің табиғатын, мәдениетін, дәстүрін жақынырақ танып, туристік мүмкіндіктерін өз көзімізбен көрдік. Қатысушылардың реакциясынан Қазақстанның оларға ерекше әсер қалдырғанын байқауға болады. Біз көргенімізді Германиядағы әріптестеріміз бен туристік нарыққа жеткіземіз, — деді ол.
Қазақстанның қандай ерекшеліктері назар аудартты
DRV президенті Альбин Лойдл Қазақстанға сапар барысында неміс туризм саласының өкілдеріне елдің табиғатымен қатар, мәдениеті мен сәулетін жақынырақ тануға мүмкіндік болғанын айтты. Оның сөзінше, қатысушыларға қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен сәулет өнері ерекше әсер қалдырған.
— Бізді сәулет өнері мен елдің мәдениеті, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ерекше таңғалдырды. Бұл сапардың тағы бір ерекшелігі — біз тек көріп, тамашалаған жоқпыз, түрлі іс-шараға өзіміз де белсене атсалыстық. Бұл біз үшін өте қызықты тәжірибе болды, — деді ол.
Ол сапар бағдарламасында Қазақстанның дәстүрлі мәдениетімен танысуға арналған шеберлік сабақтары мен басқа да түрлі тәжірибелік шаралар ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, мұндай тәсіл туристке елді сырттай бақылап қана қоймай, оның мәдениетін тікелей сезінуге мүмкіндік бермек.
DRV президенті Қазақстанның туристік әлеуеті тек табиғаты мен тарихи-мәдени мұрасымен шектелмейтінін атап өтті. Ол сапар барысында көрсетілген қонақжайлық пен бағдарламаның ұйымдастырылуына да жоғары баға берді.
— Қазақстанда бәрі тамаша ұйымдастырылған. Бізді қарсы алған адамдардың ықыласын ерекше сезіндік. Туризмді дамытып жүрген адамдардың өз ісіне деген көзқарасын да көрдік. Сапарымызды ұйымдастыруға атсалысқан әрі бізді осылай жылы қабылдаған жандарға алғыс айтамын, — деді ол.
Бұдан бөлек ол бүгінгі форумның басты басты мақсаты бұрыннан бар байланыстарды нығайтып, Германиядан келген мамандармен қарым-қатынасты жандандыру екенін еске салды.
Германиядан келетін туристер саны артып келеді
Қазақстан үшін ендігі маңызды міндет — неміс туристік бизнесінің қызығушылығын нақты туристік бағыттар мен саяхатшыларға ұсынылатын дайын турөнімдерге айналдыру.
ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев Германия Қазақстан үшін Еуропадағы стратегиялық маңызы бар туристік нарықтардың бірі екенін атап өтті. 2025 жылы еліміздегі қызмет көрсету орындарында Германиядан келген шамамен 37 мың туриске қызмет көрсетілген. Ведомство дерегінше, бұл көрсеткіш жыл сайын 10-15 пайызға өсіп келеді.
Екі елдің туризм саласындағы ынтымақтастығы бұған дейін де бірнеше бағытта жалғасын тапқан. 2025 жылы Қазақстан неміс турагенттіктеріне арналған ақпараттық тур ұйымдастырды. Наурыз айында туроператорлар арасында B2B-кездесулер өтіп, DRV-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
— Бүгінде осы уағдаластықтың нақты жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз, — деді Мирас Төлебаев.
Қазіргі форумға Қазақстанның ішкі және сыртқы туризмі саласында жұмыс істейтін 25-тен астам туроператоры қатысты. Сондай-ақ жетіден астам қонақүй мен үш әуе компаниясының өкілдері келді.
Неміс туристерін тартуға қандай мүмкіндік бар
Қазақстан Германия нарығында туризмнің бірнеше бағытын қатар дамытуды көздеп отыр. Олардың қатарында табиғи және экологиялық туризм, тау бағыттары, этнотуризм, мәдени-тарихи және гастрономиялық сапарлар мен сауықтыру туризмі бар.
Қазақстан тарапы елдің табиғи алуандығын басты артықшылықтардың бірі ретінде қарастырады. Ұлттық парктер ел аумағының 10 пайыздан астамын алып жатыр. Дала, тау және шөлді аймақтардың қатар кездесуі мазмұны мен бағыты әртүрлі туристік маршруттар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Алайда туристер санын арттыру үшін көрікті орындардың болуы жеткіліксіз. Қазақстандағы саяхаттарды шетелдік турист оңай тауып, таңдап, сатып ала алатындай ету де маңызды.
— Біз қазақстандық туристік өнімдердің неміс тұтынушысына тікелей қолжетімді болуына мүдделіміз. Бұған екі елдің туроператорлары арасындағы тікелей байланысты кеңейту және дайын туристік өнімдерді бірлесіп ілгерілету арқылы қол жеткізу көзделіп отыр, — деді вице-министр.
Ендігі мақсат — Германиядан туристер санын арттыру
Қазақстан тарапының бағалауынша, туристік ағынды ұлғайтуға қажетті негізгі алғышарттар бар. Мәселен, қазір Қазақстан мен Германия арасында визасыз режим қолданылады. Германия азаматтары елімізде 30 күнге дейін визасыз жүре алады.
Екі ел арасында әуе қатынасы да жолға қойылған. Германия Қазақстанмен Астана, Алматы және Орал арқылы, соның ішінде Франкфурт бағытындағы рейстермен байланысқан.
— Мұның бәрі Германиядан келетін туристер санын арттыруға мүмкіндік береді. Ендігі мәселе — Қазақстанның туристік әлеуетін неміс саяхатшысына түсінікті, қолжетімді әрі сатып алуға болатын нақты өнімге айналдыру, — деді вице-министр.
Неміс тарапы үшін бұл сапар Қазақстанды өз көзімен көріп, кейін оны Германия нарығында таныстыруға қажетті тәжірибе мен ақпарат жинауға мүмкіндік берді.
Альбин Лойдлдың айтуынша, форумның негізгі мақсаты — Германияның туризм мамандарына Қазақстанның сан қырлы мүмкіндіктерін көрсету және алған әсерді неміс нарығына жеткізу.
Неміс туроператорларының Қазақстан бағыттарын өз бағдарламаларына қосып, жаңа маршруттар мен турпакеттер ұсынуы форумның негізгі нәтижесіне айналуы мүмкін. Мұндай туристік өнімдердің Германия нарығына шығуы Қазақстанға келетін саяхатшылар санын арттыруға жол ашады. Осылайша, Астанадағы форум екі ел арасындағы туристік байланысты нақты жобаларға ұластыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін туризмді мемлекеттік қолдау бойынша қандай өзгеріс енгізіліп жатырғаны жөнінде материал жарияланды.