«Алтайдан Оралға дейін» велошеруі Семейге жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Шеру бағыты еліміздің сегіз өңірін қамтиды, деп хабарлайды Туризм жəне спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

велошеру
Фото: Туризм жəне спорт министрлігі

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған республикалық «Алтайдан Оралға дейін» велошеруі жалғасып жатыр.

Бүгін Абай облысының өкілдері велошеру қатысушыларын салтанатты түрде қарсы алды. Велоспортшылар тобы ұйымдастырушылармен бірге Семейдің орталық алаңына дейін жүріп өтті. Мұнда оларды еңбек ұжымдары, колледж студенттері мен спорт сүйер қауым қошеметпен қарсы алды.

велошеру
Фото: Туризм жəне спорт министрлігі

Іс-шара аяқталған соң, спортшылар сапарын жалғастырды. Бұл күнгі бағыттың ұзындығы 220 шақырымды құрады.

Айта кетейік, велошеру жұмысшы мамандықтарды дәріптеу және саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізіліп жатыр.

Шеру бағыты еліміздің сегіз өңірін қамтиды: Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстары, Астана қаласы, сондай-ақ Ақмола, Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары. Велошеру 8 маусымда мәресіне жетеді деп жоспарланған.

Бұған дейін Өскеменде «Алтайдан Оралға дейін» велошеруі басталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар