Алты жыл ішінде 200-ден аса шағым: СҚО тұрғыны әділдік іздеп жүр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Олег Ааб әлеуметтік желі арқылы Президенттен көмек сұрады.

Александр Ааб
Фото: instagram.com/aab_oleg

Айтуынша, ол бұл қадамға амалсыздан барып отыр. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның учаскелік инспекторы Руслан Қоянбаев өз ісіне салғырт қарауының салдарынан, оның 8 жасар қызымының мойыны, көмейі жарақаттанып, денсаулығына ауыр зиян келді.

— Дружба елді мекенінде жол қиылысында жол-көлік оқиғасы болып, оған учаскелік полиция инспекторы келді. Жедел-тергеу тобы жеткенше полиция қызметкері екі тұрғынмен бірге оқиға орнына жіп тартып қоймақ болады. Үйден ақ капрон жіп әкеліп, жол қиылысын төрт жағынан, қоршаудан екінші үйдің қоршауына дейін тартады. Ол ақ жіп жедел-тергеу тобы келгенше сол жерде 5,5 сағаттан астам уақыт бойы тартылып тұрды. Сол күні мен 8 жасар қызыммен балалар алаңына бару үшін ауладан шықтық. Менің қызым велосипедте болды. Жол жиегімен бара жатты, мен оның артынан 15-20 метрдей жерде келе жатқанмын. Қиылысқа жеткен кезде қызым мінген велосипед ұшып кетті, ал қызым ауада ілініп қалды. Жүгіріп жеткенше дейін тартылған жіптің серіппесімен қызым жол жиегіне құлады. Жеткен кезде қызымның ес-түссіз жатқанын көрдім. Ал мойнында жыртылған-кесілген жара болды, — дейді ауыл тұрғыны.

Осы оқиғадан кейін Олег Аабтың қызы әлі күнге дейін сол жарақаттың зардабын тартып келеді. Ер адам еліміздің құқық қорғау органдарына 200-ден астам арыз-шағым жазып, қалдырған. Алайда нәтиже болмады.

— ҚР Ішкі істер министрінің орынбасарларымен бірнеше рет кездестім, кейін министр Ахметжановпен де сөйлестім. Менің қызымды қорғауын сұрадым. Әділет вице-министрі Мадалиевпен үш рет, министр Мусинмен кездесіп, тергеу барысында олқылықтар жіберілгенін, заңсыздыққа жол берілгенін айттым. Алты рет жүргізілген сот-медициналық сараптаманың барлығы өзара келісіммен жасалған. Бас прокурордың бірінші орынбасары Тәшімбаевтың қабылдауында да болдым. Қызымды қорғап, құқығын қалпына келтіруді өтіндім. Заң және ар-ұят бойынша істің мән-жайын анықтауын сұрадым, — дейді Олег Ааб.

СҚО полиция департаменті осы мәселеге қатысты түсінік берді. 

— Оқиға 2020 жылы 11 шілдеде болған. Ғ.Мүсірепов атындағы аудандық полиция бөліміне Дружба елді мекеніндегі жол қиылысында УАЗ автокөлігі мен мотоцикл соқтығысып қалғандығы туралы хабар түсті. Жедел-тергеу тобы жеткенге дейін ауыл тұрғындары оқиға орнын өздігінен капрон жіппен қоршаған. Салдарынан велосипед теуіп жүрген 2012 жылы туған қыз бала мойнын жарақаттады. Бұл факті полиция бөлімінің есеп кітабында тіркелді. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша қыздың денсаулығына жеңіл зиян келген. Осы оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша полиция бөлімінің қызметкерлері тартыптік жазаға тартылды, — делінген жауапта.

Ведомствоның мәліметінше, бұл істің материалдары 2024 жылдың қараша айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне берілді. 

Бұған дейін СҚО-да есірткімен ұсталған әйел 11 жылға бас бостандығынан айырылғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар