«Алтын адам»: отандық мультфильм кинотеатрларда көрсетіле бастады

АСТАНА. KAZINFORM — 5 маусымнан бастап еліміздің барлық кинотеатрынан «Алтын адам» анимациялық фильмі көрсетіле бастады.

Кинотеатрларда көрсетілетін фильмдердің мазмұнына бақылау күшейеді
Фото: freepik.com

Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болған түсірілім тобының мүшелері барша қазақстандықты отандық өнімді қолдауға шақырды.

— Көрермен фильмді өте ыстық қабылдап жатыр. Фильм шықпас бұрын балалар мен ата-аналарға арнайы көрсеттік. Мәтінмен жұмыс істеу барысында да көптеген мәселеге ден қойылды. Осы сәтті пайдалана отырып, барлық ата-анаға демалыс уақытында балаларын осы фильмге апаруға шақырамын. Осындай құнды, тарихи дүниелерді көрсетіп, өскелең ұрпақты тәрбиелік мәні бар дүниелермен сусындатайық деп айтқым келеді. «Отан отбасыдан басталады» дейміз ғой. Балалар өздері билет алып, кинотеатрларға бара алмайды ғой. Сондықтан ата-аналар тарапынан осы дүниеге ден қойылып, ұлттық фильмдерді отандық прокатта қолдаса деймін, — деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары Әділет Омаров.

Ал сценарист Ұларбек Нұрғалымұлы анимациялық фильмнің көрерменге берері мол дейді.

— Сценарий жазылар кезде қазіргі балалардың түсінігі де ескеріледі. Алғашқы көрсетілім болғанда сол балалардың әсерін бақыладық. Бұл анимациялық фильмнің көрерменге берер дүниесі мол деп ойлаймын. Бұл жай ғана ойын-күлкінің айналасындағы дүние емес. Біз қазір «бала ғой» деп өте жеңіл дүниелерді көрсетіп жатқан секілдіміз. Ал негізі балалардың осындай өсу кезеңіндегі ойлау деңгейі мүлдем басқаша болады. Тіпті, бізде күніге сөздік қор 1-2 сөзге ғана толығып отыруы мүмкін, бірақ балаларда жүздеген сөз қосылып отырады. Балалардың дамуында ерекше жылдамдық бар. Соны ескере отырып, осы фильмде салмақтырақ дүниелерді қосуға тырыстық, — дейді ол.

сценарист Ұларбек Нұрғалымұл
Фото: Видеодан скрин

«Алтын адам» анимациялық фильмінің сценарий авторы балаларға арналған фильмнің сценарийін жазу қиын екенін айтады.

— Жалпы балаларға сценарий жазу өте қиын. Кей нәрсені тарқатып, түсіндіріп жазу керек. Ересек адамдар ондай дүниелерді оңай түсіне береді ғой. Біз бұл фильмге сценарийді режиссермен бірге жаздық. Режиссер — Тұрдыбек Майдан. Идея да сол кісінікі. Сценарий жазар алдын мен одан: «Не ой айтқың келеді, не көрсеткің келеді?» — деп сұрадым. Сонда ол: «Біз Алтын адамның сыртын білеміз, мен сол Алтын адамның ішін көрсеткім келеді», — деді. Сол нәрсе менің көңіліме қонды. Содан соң бас кейіпкердің жан дүниесіне батырлық, парасаттылық, әділеттілік және ізгілік деген 4 қасиетті қостық та, сол төртеуі төрт жебе болды. Басты кейіпкер қаған болған кезде оның қолында 3 жебе болды. Солай ол қалған ізгілік деген 1 жебені іздейді. Фильмде сол іздеу барысындағы қағанның бастан кешкен қиындықтары көрсетіледі, — дейді сценарист.

Жақында ғана тұсауы кесілген туындыны көрерменге ұсыну үшін 100-ге тарта маман қызмет етіпті.

— Анимация — бұл басқа салалардан ерекше. Оның өндірісі де өте ұзақ уақытты талап етеді. Ол жақта мамандар, жалпы айтқанда, зергерлік жұмыспен айналысады. Әр кейіпкерді зерделеп салып отыру, әр кейіпкердің қимылын әрбір секундқа сәйкестендіру — бұл үлкен қажырлы еңбекті талап етеді. Суретшілер, аниматорлар, режиссерлер сынды жалпы өндірісте 70 шақты адам жұмыс істеді. Одан бөлек тағы 30-ға жуық маман дубляжбен айналысты. Дубляжға кастинг үлкен болды. Өйткені баланың дауысын, әрбір қимылын беру өте қиын. Бұл жерде басты рөлді режиссердің ұлы Аймауыт дыбыстайды. Саундтректі де осы бала орындады. Мультфильмнің саундтрегі де өте сәтті шыққан. Кеше де көрермендер: «Қайдан тыңдасақ болады, бұл ән қай платформада бар?» — деп сұрап жатыр. Бұл фильмнің көрермен арасында да таралуына көп үлес қосады, — дейді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары.

Маманның айтуынша, фильм тек Қазақстан аумағында емес, алыс-жақын шет елдерде де дәріптелмек.

— Осы кинотеатрлардағы прокаттан кейін біз телеарналарда міндетті түрде көрсетеміз. Біздің Ұлттық кино орталығының Кинопоиск-те арнайы сөресі пайда болды. Сондай стримингтік платформаларда да жарияланады. Қазір түрлі платформалардан бізге көптеген ұсыныс келіп жатыр. Соған орай біз бұл жобаны тек Қазақстанға емес, шет мемлекеттерге де дәріптеуге бар күшімізді саламыз, — дейді Әділет Омаров.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасының орынбасары
Фото: Видеодан скрин

Бұған дейін жаңа кино апталығында Kazinform назар аударуға тұрарлық фильмдерді саралап шықты.

Соңғы жаңалықтар