Алтын бағасы төмендеп, қоры артты

АСТАНА. KAZINFORM —  Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, 31 шілде күні бір грамм алтын 58 524,25 теңге тұрады, деп жазды Kazinform тілшісі.

Алтын бағасы төмендеп, қоры артты
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Өткен бейсенбі, 24 шілде күні, қымбат металдың құны шамамен 59 402 теңге болған.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) хабарлауынша, Қазақстанның алтын қоры 7,4 тоннаға артқан. Осылайша, елдің резервіндегі жалпы алтын көлемі 298 тоннадан асты. Халықаралық валюта қоры мен Еуропалық орталық банкті есепке алмаған кезде, Қазақстан алтын қоры бойынша әлемде 18-орында тұр.

Айта кетейік, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі елдің пайдалы қазбалармен қамтамасыз етілу мерзімдері туралы жаңартылған мәліметтерді жариялады. Соңғы деректерге сәйкес, қазіргі өндіріс көлемін ескере отырып, Қазақстандағы алтын қоры 30 жылға жетеді.

Астанада банктік алтынның қалай өндірілетіні туралы мына сілтемеден оқыңыз.

Бұған дейін 2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда мыс, никель, көмір, алтын және сирек жер металдары бар 38 перспективалы учаске анықталғаны хабарланған болатын.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) деректеріне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында алтынға жалпы сұраныс жылдық көрсеткіш бойынша 1%-ға артып, 1 206 тоннаға жетті — бұл 2016 жылдан бергі бірінші тоқсандағы ең жоғары көрсеткіш.

Орталық банктер алғашқы тоқсанда 244 тонна алтын сатып алған — бұл алдыңғы тоқсанға қарағанда аз.

Сондай-ақ, алтыннан жасалған зергерлік бұйымдарға деген сұраныс рекордтық бағаларға байланысты күрт төмендеді: көлемі 2020 жылдан бергі ең төмен деңгейге жетті. Алайда, ақшалай мәнде алтын зергерлік бұйымдарға тұтынушылық шығындар жылдық есеппен 9%-ға өсіп, $35 миллиардты құрады.

Қазақстанда Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылы алтын бұйымдардың бағасы 8,3%-ға қымбаттаған.

Соңғы жаңалықтар