Алтын медаль алып, халқымды қуантқым келді — Айдос Сұлтанғали

АСТАНА. KAZINFORM — Грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали алтын медаль жеңіп алғанда қандай сезімде болғанын бөлісті. Спортшы осы тарихи жеңіс үшін барын салғанын айтты.

Алтын медаль алып, халқымды қуантқым келді — Айдос Сұлтанғали
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Осы тарихи сәттің маған бұйырғанына қатты қуаныштымын. Бұл жеңіс біздің күрес түрінің алға қарай дамуына жаңа серпін беруге үлкен мүмкіндік болады деп ойлаймын. Осы мүмкіндікті жіберіп алуға болмайтынын сездім, сол үшін барымды салдым. Тек алға жүріп, халқымды қуантқым келді. Құлақ сынды, қабақ жарылды. Бірақ, мақсатым алтын медаль жеңіп алу болды, — деді ол.

Сонымен қатар, Айдос жеңісті не үшін салқын қандылықпен қабылдағанын түсіндірді.

Алтын медаль алып, халқымды қуантқым келді — Айдос Сұлтанғали
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Менің ойымша, боз кілемде секіріп қуанышты тойлау ер адамға лайықты емес деген ұстаным болды. Сол себепті, барынша лайықты эмоция көрсеттім, — дейді спортшы.

Астаналықтар күрестен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиды күтіп алды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Даңқты спортшы сөз соңында команда мүшелеріне және бапкерлер құрамына өз алғысын айтты.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Айдос Сұлтанғали Қазақстан тарихында грек-рим күресінен 26 жылдан кейін әлем чемпионатында алтын алды.

Сондай-ақ, елорда тұрғындары әлем чемпионын Астана әуежайында салтанатты түрде қарсы алды.

Соңғы жаңалықтар