Алтын, мыс, болат өндірісі артты – Өнеркәсіп министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 11 айда өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында өсім 5,9 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков айтты.

Жыл басынан бері Өзбекстан алтын экспортын 70%-ға арттырды
Фото: Рexels

- 11 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында оң динамика байқалып, өсім 5,9 пайызды құрады. Өндіріс көрсеткіштері металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі, жеңіл өнеркәсіп және басқа да өңдеу өнеркәсібі салаларында өсті. Металлургия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі алтын, мыс, болат және шойын өндірісінің ұлғаюына байланысты 1,1 пайызға артты. Оң динамика көбінесе отандық өндірістік қуаттардың жүктемесін арттыру, өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуді жақсарту бойынша қабылданған шаралардың нәтижесі саналады, - деді вице-министр.

Оның айтуынша, машина жасау саласындағы өндіріс көлемі көлік құралдары, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасы, сондай-ақ жабдықтар мен тұрмыстық техника өндірісінің артуы есебінен 11,6 пайызға ұлғайды.

- Көрсеткіштердің өсімі ішкі сұраныстың артуына, инвестициялық жобаларды іске асыруға және қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларына байланысты. Айта кету керек, биыл Қостанай қаласында KIA жеңіл автомобильдерін шығаратын зауыт пен Алматы қаласында мультибрендтік зауыт, Астана қаласында жолаушылар вагондарын шығаратын зауыт, сондай-ақ Атырау қаласында жүк вагондарын шығаратын зауыт пайдалануға берілді, - деді ол.

Вице-министрдің дерегінше, химия өнеркәсібінде фосфор және азот тыңайтқыштары, аммофос, полипропилен, лак-бояу материалдары мен күкірт қышқылы өндірісінің өсуіне байланысты өндіріс көлемі 8,1 пайызға өсті.

- Құрылыс материалдарының өндірісі тауарлық бетон, құрылыс ерітінділері, әк, отқа төзімді бұйымдар, цемент және бетон конструкцияларының көлемінің өсуіне байланысты 7,1 пайызға өсті. Жеңіл өнеркәсіпте тоқыма бұйымдарын өндіру көлемін 12,9 пайызға және киімді 0,7 пайызға ұлғайту есебінен өндіріс көлемі 7,4 пайызға артты.

Айта кетейік, Үкімет елдің 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын қарап жатыр.

Соңғы жаңалықтар