Алтын Орда туралы тарихи сериалдың ақтық кадрлары түсіріліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Алтын Орда тарихи сериалын қолға алған шығармашылық топ түсіру жұмыстарының ақтық сатысына кірісті.

— The Golden Empire-дың түсірілім тобы өндірістің ақтық сатысына кірісті. Басты назар фильмнің ақтық көріністерінде. Бұл эпизодтар сюжет желісін бір ізге түсіріп, оқиғалар шиеленісін аяғына дейін босаңсытпай, нақты екпін беруге тиіс. Жетісуда өтіп жатқан түсірілімдер топтаманың мазмұндық ырғағын да, кескіндік ырғағын да күшейтетін локацияларға бай. Түсіруші команда негізгі диалогтармен, кейіпкерлердің ішкі түйсігін ашатын көріністермен осы жерде жұмыс істейді. Дешті-Қыпшақ жері туындыда рулық құрылымдардың мүддесі мен билік тайталасының, жеке шешімдердің кеңістігіне айналған. Негізгі эпизодтардың бірінде кейіпкерге күрделі келіссөздер жүргізіп қана қоймай, өзінің қандай тәртіп үшін күресетінін айқындауына тура келеді, — деп жазылған жобаның баспасөз-релизінде.

— Көрерменді өзі өмір сүріп көрмеген дәуірдің демімен тыныстату қашан да үлкен сынақ. Бұл көріністер жай ғана экшен емес, адам таңдауы туралы хикаялар. Ол көріністер кадр сыртындағы сөзбен баяндалады. Соңғы күндері түсіріліп жатқан көріністер нақтылық пен ұстамдылықты, ішкі жан дүниедегі шиеленістермен мұқият жұмыс істеуді қажет етеді. Қазақстандық актерлердің ойыны осы тұрғыдан нанымды әрі дәуірдің драмалық келбетін нақты бере алады, — дейді режиссер Эмре Сахин.
9 мамыр күні Жетісу облысындағы түсірілім алаңына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин барып қайтқан. Ол шығармашыл топпен түсірілімнің ақтық сатысына дайындықты пысықтап, туындыға түйін болатын көріністердің негізгі қырларын, сондай-ақ, түсірілімнен кейінгі ұйымдастыру жұмыстарын талқылады.

The Golden Empire топтамасын түсіріп жатқан топ Қазақстан аумағында 8 бірегей локацияда жұмыс істеген. Оның ішінде Суықтөбе, Ескелді би ауылдары, Бұтақ және Кімасар шатқалдары, киелі Тамғалы тас мекені мен Көшпелілер қалашығы бар.

Аталған жобаны Karga Seven Pictures халықаралық кино компаниясы қолға алғанын айта кету керек. Бұл компания Netflix-ке де деректі және көркем топтамалар түсіріп жүрген ұжым ретінде танымал. Ал Алтын Орда тарихы туралы топтама жобасына Президент бастамаларының Dara қоры қолдау көрсетіп келеді.
Еске салсақ, сәуір айының ортасында The Golden Empire телехикаясының түсірілімі бел ортасына таяғанын хабарланған болатын.