«Алты алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» - БҚО әкімі ұстаздарды құттықтады

Облыс басшысының атап өткеніндей, Елбасымыздың тарапынан білім саласына қамқорлық ұдайы көрсетіліп келеді. Соңғы жылдары өңірде жаңа мектептердің көптеп бой көтеруі - соның жарқын көрінісі. Соның ішінде өткен сенбі күні Назарбаев зияткерлік мектебінің ашылуы айрықша оқиға болды. Кейінгі кезде облыста жаңа білім ошақтарымен қатар мектептерді күрделі жөндеуге де ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда өңірде үш ауысыммен оқитын екі-ақ мектеп бар екен. Алдағы уақытта бұларда да жағдай қалыпқа келетін болады.
Мұғалімдер есімі әрдайым құрметпен аталады. Осы ретте облыс әкімі ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деген ұлағатты сөзін келтірді. Қазіргі кезде де төр ұстаздардікі. Бұған бүгінгі кеш дәлел бола алады. Шара барысында облыстағы үздік мектеп директорлары мен орынбасарларына, озат ұстаздарға құрмет көрсетіліп, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Өңірде әулетімен ұстаздық еткендер де бар. Мәселен, Сырым ауданынан Федяниндер әулетінің өтілі 251 жыл болса, шыңғырлаулық Қаукиевтердікі 273 жылға жеткен. Сондай-ақ мектеп есігін имене ашқан жас мамандар да тарту-таралғысыз қалған жоқ.