10:45, 16 Сәуір 2022 | GMT +5
Алты ай ғарышта болған қытайлық үш ғарышкер Жерге оралды
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Үш ғарышкер мінген «Шэньчжоу-13» ғарыш кемесінің капсуласы сенбі күні таңертең Қытайдың солтүстігіне аман-есен қонды. Бұл туралы Синьхуа агенттігі жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үш қытайлық астронавт экипажы бар «Шэньчжоу-13» ғарыш кемесінің капсуласы Қытайдың солтүстігіндегі Ішкі Моңғолия автономия ауданына аман-есен қонды. Қону қалыпты болды, барлығы өзін жақсы сезінеді» делінген хабарламада.
Бұл ғарыш сапарында үш тайконавт (ғарышкерлерді Қытайда осылай атайды) Жай Чжиган, Ван Япин және Е Гуанфу алты ай бойы бір миссияның бөлігі ретінде ғарышта өткізген уақыт бойынша рекорд орнатты.
Естеріңізге сала кетейік, «Шэньчжоу-13» ғарыш аппараты 2021 жылдың қазан айында ұшырылған еді.