«Алтын адам» түпнұсқасы қайда сақтаулы тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық музейде келушілердің назарына «Алтын адам» тарихи жәдігерінің түпнұсқасы ұсыныла ма? Аталған сауалға жауап алу мақсатында ҚазАқпарат тілшісі Ұлттық музейге ресми сауал жолдаған еді.
None

«Алтын адам» жәдігерінің түпнұсқасы табылғанға дейін жер астында бірнеше ғасыр жатқандықтан, сақталу күйіне байланысты жартысы музей залдарында көрмеге қойылып, жартысы музейдің арнайы қорында сақтаулы. Түпнұсқаның көрмеге қойылған бөлігін, яғни сақ патшасы сауытының аң стилінде жасалған элементтерін, әшекей бұйымдарын №1 «Ұлы Даланың ежелгі өнері және технологиялары» залында (Алтын зал) тамашалауға болады», - делінген сауал жауабында.

Мәліметте айтылғандай, «Алтын адам» түпнұсқасына реконструкция жасалған.

«Ал залдың төріндегі сән-салтанаты жарасқан «Алтын адам» экспонаты – ғылыми реконструкция. Археологиялық сенсацияға айналған экспонатты халыққа көрсету мақсатында ғылыми кеңестің шешімімен түпнұсқаның реконструкциясы жасалды. Алғашқы нұсқасын Кемел Ақышев бастаған ғалымдар жасап, «Алтын адамның» киімін, әшекей бұйымдарын қалпына келтірген еді. Қазіргі таңда Ұлттық музейде тұрған «Алтын адам» реконструкциясының авторы, қалпына келтіруші, суретші Қырым Алтынбеков», - деген түсініктеме берілді.

Ұлттық музей сондай-ақ аталған жәдігердің ұрланғаны туралы қауесетті жоққа шығарған болатын.


Соңғы жаңалықтар