«Алтын адам» жөнінде кең көлемде мәліметтер беретін жинақ шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Есік» қорық-музейі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай «Алтын адамның» құпиясы» жинағының таныстырылымын өткізді. Жинаққа Есік қорғанынан табылған әйгілі олжаның ашылуы мен зерттелу тарихына қатысты бұрын ешқандай жерде жарық көрмеген тың деректер енді.

«Аталмыш материалдар «Есік» қорық-музейінің қоры іске асырған ғылыми-қолданбалы жобаның нәтижесі. Аталмыш жинақтағы ғылыми мақалалар, сұхбаттар, деректі материалдар бірегей археологиялық олжаның табылу тарихына, тұтастай алғанда сақ тайпаларының рухани мәдениетіне басқаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді», деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Жинақта «Ғылым ордасы» (бұрынғы ҚазКСР Ғылым академиясы) ведомоствалық мұрағаты қорының, Есік қорғанын зерттеуші экспедицияға қатысушылардың жеке мұрағат материалдары алғаш рет енгізіліп отыр.

Бұл материалдардың арасында ресейлік мамандардың «Алтын адамның» қаңқа сүйегіне жүргізілген сараптама жұмыстары туралы дерек ерекше орын алады. Ал сұхбат деректері «Алтын адамға» қатысты археологиялық жұмыстар барысы, оны қалпына келтіру жұмыстары мен қазіргі кезде қолданылуы жайлы кең көлемде мәліметтер береді.

Жинақ тұсаукесері аясында осы аттас көрменің ашылу рәсімі өтті. Көрмеде жинаққа енген фото-құжаттар ұынылған. Сенсорлы экранның көмегімен көрме қонақтары «Есік экспедициясының» қатысушыларының және «Алтын адамның» киімін қалпына келтірушілердің сұхбаттарын тамашалай алады.

Еске сала кетсек, Алтайдағы Пазырық, Берел қорғандарының ең қымбат бұйымдары тоналған. Шілікті қорғандарынан (б.з.д. VII-VI ғғ.) табылған олжалар тонаушылардан қалған бірнеше бөліктері ғана. Атырау облысындағы Аралтөбе қорғаны ежелгі заманда-ақ бірнеше рет тоналғандықтан сармат көсемінің (б.з. І ғ.) киімін қалпына келтірудің факталогиялық негізі анағұрлым әлсіздеу.

Ал, аса құнды артефактер, сонымен қатар олардағы ғылыми ақпараттар мәңгілік жоғалғаны себепті, олардың толыққанды ғылыми қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мүмкін емес.

Еуразия археологиясы үшін шын мәніндегі маңызға ие жәдігер 1970 жылы ашылған, профессор К.Ақышев баспа бетінде жариялаған, «Есік» қорғанынан шыққан, тоналмаған археологиялық кешен (б.з.д. IV - III ғғ.) б.т.

Нәтижесінде әйгілі ескерткіш әлемдік ғылыми қауымдастықтың бірауыздан мойындауымен Орталық Азияның ежелгі көшпенділері - сақтардың ғана емес, сонымен қатар тұтастай Еуразия көшпенділерінің алдыңғы қатарлы мәдениеті мен өркениетінің жарқын көрінісі, олардың адамзат мәдениетінің дамуына қосқан үлесі ретінде бағаланды. Сақ өнерінің осынау үлгілерінің Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің қатарына кіргені де олардың ерекше маңызы туралы мәлімет береді.

Соңғы жаңалықтар