«Алтын сапа» сыйлығы бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ынталандырады - Ғ.Мұхамбетов
ҚР Индустрия және сауда министрлігі Техникалық реттеу және метрология жөніндегі комитетінің төрағасы Ғабит Мұхамбетов отандық сапа стандарттарын дамыту барысы туралы әңгімелейді.
- Ғабит Мұхамбетұлы, Қазақстан Республикасының техникалық реттеу және метрология саласындағы мемлекеттік қадағалау жүйесіне 10 жылдан асқаны белгілі. Бүгінде отандық стандарттар халықаралық талаптарға қаншалықты жақындады?
- Алдымен айта кетейін, ҚР Индустрия және сауда министрлігіне қарасты Техникалық реттеу және метрология жөніндегі комитеттің құрылғанына биыл 6 жылға жуықтады. Оны құрудағы басты мақсат - стандарттау мен сертификаттаудың ұлттық жүйесін реформалау арқылы Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге дайындық жүргізу және техникалық қадағалаудың жаңа жүйесін құру болды.
Бүгінде біздің орган техникалық реттеу және метрологиялық қадағалау саласындағы саясатты жүзеге асыратын және бақылау жүргізетін ведомство болып табылады. Тәуелсіздік жылдары 2510 мемлекеттік стандарт қабылданды. Оның 1603 бірлігінде халықаралық стандарттармен үйлесімдік бар. Бүгін біз ұлттық нормалардың халықаралық нормалармен үйлесімдік деңгейін 64 пайызға бағалап отырмыз. Экономиканың нақты секторындағы үйлесімдікті 67 пайыз деңгейіне жеткізе алдық. Үкімет алдымызға бұл бағанды жыл сайын 2 пайызға арттыру міндетін қойды. Айта кету керек, бүгінде Қазақстанның стандарттар қорында 55 мыңнан астам нормативті құжаттар бар.
Өкінішке қарай, қазіргі күні республиканың кәсіпкерлері посткеңестік кезеңдегі ескі ГОСТ-тарды пайдалануда. Оның себебі - кәсіпорындарымыздың өндірістік базасының техникалық жетілдірілмеуі. Қазіргі күні елді қарқынды инновациялық индустрияландыру шеңберінде, өндірістік базаны қайта жарақтандыру және халықаралық озық құжаттардың негізінде бәсекеге қабілетті өнімдерді шығару бойынша нақты тапсырмалар алдық.
- Бүгінде ұлттық эталондарымыз қанша елде толығымен танылды? Экспортқа шығарылатын қазақстандық өнімдерді барған елінде қайта тексеру мәселесі енді алдан шықпайды деп айта аламыз ба?
- 2006 жылы Астана қаласында Эталон орталығы іске қосылып, оның зертханаларына алғашқы ұлттық эталондар орналастырылды. Эталондардың негізгі көлемі Кеңес одағы құлағаннан кейін Ресей Федерациясында қалып қойғаны мәлім. Сондықтан Қазақстанға бұл бағыттағы жұмыстарды қайтадан бастауға тура келді. Бұл күнге қандай жетістіктермен жетіп отырмыз? Әлемде өлшемдердің 17 түрі болса, Қазақстанда оның 15-і бойынша эталондар бар. Біз 1994 жылдан бері Заңнамалық метрология халықаралық ұйымының толыққанды мүшесі болып табыламыз. Сондай-ақ 2008 жылғы желтоқсанның 31-інде Салмақ өлшемдері халықаралық ұйымының тең құқылы мүшесі атандық. Ұлттық эталондарымызды тану туралы келісімдерге қол қойылған ТМД, Орталық және Шығыс Еуропа алаңдарында ықпалдастық орнатылған.
Ал отандық тауарларға сертификаттарды тануға тоқталатын болсам, бүгінде бұл бағытта ҚР Индустрия және сауда министрлігі жұмыстар атқаруда. Қазақстанда сертификаттарды беретін жалпы 1 мыңға жуық аккредиттеу субъектісі бар. Алдымызға Зертханаларды аккредиттеу жөніндегі (ILAC) және Сәйкестікті растау жөніндегі органдарды аккредиттейтін (IAF) екі халықаралық беделді ұйымның қатарына ену жөнінде нақты тапсырмалар қойылды. Шет елдерде қазақстандық тауарларды қайта тексеріске ұшыратпау арқылы оның өзіндік құнын төмендету үшін біз 2006 жылдан бастап аталмыш беделді ұйымдардың ассоциаланған мүшесі болдық. Ал олардың толық мүшелігіне өту және қазақстандық сертификаттардың танылуы үшін ұлттық жүйелеріміз халықаралық сәйкесті жүйелермен толық үйлесімдік табуы тиіс. Негізінен, ILAC және IAF сарапшыларының сын-ескертулері толығымен жойылды деп айтуға болады. Келесі жылы халықаралық сарапшылар атқарылған жұмыстарға тиісті тексерулер мен зерттеулер жүргізіп, шешімдерін шығаратын болады.
Сондай-ақ осы бағыттағы жұмыстар берекелі болу үшін Елбасы «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» жаңа Заңды қабылдап, қол қойды.
ТМД шеңберінде келісілген саясатты жүргізу негізіндегі келісімдерге сәйкес, бүгінде Қазақстанда өндірілетін өнімдердің барлық түріне берілетін сертификаттар ұйымға мүше елдерде толығымен танылады. Ал ЕуроОдақ елдерімен, АҚШ-пен, Жапониямен, барлығы 48 мемлекетпен мұндай келісімдерді жасау алдағы екі жылда мүмкін болады деп күтілуде.
- Эталон орталығы қазіргі күні қандай салаларда халықаралық талаптарға сәйкестікті тексеруді жүзеге асырып отыр ?
- Бүгінде Ұлттық эталон орталығы жарақтандырылған эталондардың эквиваленттілігі үшін, оларды Ресей, Беларус, Германия, Молдова, Словакия, Украина, Оңтүстік Корей, Тайланд, Түркия, Чехия, Жапония, Франция және Испанияның эталондарымен салыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл - салмақ, ұзындық, электр жарығы мен магниттендіру, Ph бағаны эталонын қолдану арқылы заттардың көлемін анықтау, уақыт және жиілік, фотометрия және радиометрия бағыттары. Яғни экономиканың барлық салаларында қолданылатын құралдардың халықаралық стандарттарға сәйкестігіне тексерістер жүргізіп отырмыз.
- 2009 жылғы қаңтардың 1-інен бастап мұнай өнімдерінің сапасы және автокөліктердің зиянды қалдықтар шығаруы жөніндегі Евро-2 алғашқы экологиялық регламенті күшіне енді. Қазіргі күнге дейін нәтиже қандай?
- Түсінікті болу үшін бірден айта кетейін, Еуро нормалары - бұл пайдаланылған газдағы уландырғыш заттар бойынша талаптар. Яғни бұл - көміртегі тотығы, жанбай қалған көмірсутегі және азот оксидтерінің жиынтықты шығарымдары мен дизельді көліктер үшін шығарымдардың нормалары. Үстіміздегі жылғы шілденің 15-інен бастап Қазақстанда автокөліктерге қатысты Еуро-2-нің экологиялық талаптары күшіне енді. Ал жанар-жағармайға қатысты талаптарды 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап енгізуді көздеп отырмыз. Автокөліктер мен жағармайға қатысты Еуро талаптарының енгізілу мерзімдерінің әртүрлілігі мұнай өңдеу зауыттарын қайта жарақтандыруға кететін шығындарға байланысты болып отыр. Қазір ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Атырау, Шымкент және Павлодардағы үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту бойынша Үкіметтік деңгейде кешенді жоспарды бекітті. Сөйтіп, 2015 жылға қарай ішкі нарық Еуро талаптарына сәйкес, отандық мұнай өңдеу зауыттар өндірген өнімдермен қамтамасыз етілетін болады. Жанар-жағармайдың жетіспеген көлемі ғана сырттан әкелінеді, оның өзінде өнім сапасыз болса, сатылымға жіберілмейді. Осылай, кәсіпкерлерді «жұмыс істегің келсе, сапалы өнім әкел» қағидатымен жұмыс істеуге ынталандыратын боламыз.
Ал автокөліктерге енгізілген талаптарға келетін болсақ, отандық автоөндірушілер, яғни бұл Семейдегі «СемАЗ», Көкшетаудағы «Камаз инжиниринг» және Өскемендегі «Азия авто» Еуро-2-ге көшуде ауыртпалықтар сезінген жоқ және отандық автопаркты сауықтырудың алғашқы кезеңі қиындықсыз жүзеге асырылды деп сеніммен айта аламыз. Сонымен қатар, қазір аталмыш жұмыстарға сертификаттау жүргізетін сарапшы-аудитор мамандар оқытылып, экология және жол инспекторларын арнайы экспресс-анализаторлармен жабдықтау жүзеге асырылуда. Қоршаған ортаны қорғау және Ішкі істер министрліктері 2011 жылдың бірінші тоқсанында бұл құрылғылармен аймақтарды толығымен қамтамсыз ететін болады.
Еуро-2-нің енгізілгеніне аз ғана уақыт болды. Сондықтан нәтижелерді үшінші тоқсанның соңында шығаруды көздеп отырмыз. Жалпы дүниежүзі бойынша Еуро-1 нормалары - 1993 жылы, Еуро-2 - 1996 жылы, Еуро-3 - 2000 жылы енгізіліп қойған. Қазір Еуропада жеңіл автокөліктер үшін Еуро-4 талаптары қолданылып отыр. Біздегі жағдай қалай? Еуро-2 он үш жылдан кейін, бүгін енгізіліп отыр, ал Еуро-3 - көліктер үшін 2011 жылғы қаңтардың 1-інен, жанармай үшін - 2014 жылғы қаңтардың 1-інен бастап, Еуро-4 - көліктерге 2014 жылдың, ал жағармайға 2016 жылдың басынан бастап енгізу жоспарлануда.
- Қазақстан Республикасы Президентінің Сыйлығын алуға арналған «Алтын сапа» байқауы биыл да бизнес саласының үздіктерін анықтап, марапаттайтын болады. Биылғы жылғы байқаудың алдыңғыларынан өзгешелігі бар ма?
- Өзгешелігі расымен бар. Елбасы биыл байқаудың талап-ережелеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізді. Оларға қысқаша тоқталып өтейін. Біріншіден, сапа саласында жеткен жетістігі үшін ҚР Президентінің сыйлығын алуға байқауы мен «Алтын сапа» байқау-көрмесі біріктіріліп, ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы үшін атауымен бірыңғай байқау жарияланды. Екіншіден, шағын, орта және ірі кәсіпкерлік санаттарына ажырату алып тасталды. Жарлыққа сәйкес, байқаушылар жалпы заңды тұлға ретінде қатыстырылуда.
Осыған сәйкес Үкімет байқауға қатысушылардың материалдарын алдын-ала бағалау нәтижелерін ұсыну бойынша жаңа ережелерді қабылдады. Бірінші кезекте, кәсіпорын ҚР Индустрия және сауда министрлігіне (ИСМ) қатысуға өтінім жіберіп, үлгі бойынша өз-өзіне бағалау жүргізеді. Одан кейінгі кезекте сарапшы топ жергілікті деңгейде сараптамалық бағалау жүргізеді. Министрлік материалдардың толық әрі дұрыс толтырылуына көз жеткізген соң, сапа саласындағы сыйлықты алуға лауреат атағын беру жөніндегі комиссияның қарауына Президент Әкімшілігіне жібереді. Комиссия материалдарды жіті зерделеп, Елбасына заңды тұлғаларға белгілі аталымдар бойынша сыйлықты беру туралы ұсыныстар түсіреді.
Байқау үш аталым бойынша өткізілуде - өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын, халық тұтынатын тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын және қызметтер көрсететін үздік кәсіпорын. Қатысуға өтінімдер алдағы қазанның 15-іне дейін қабылданады.
Айта кету керек, Елбасының сапа саласындағы сыйлығын алуға үміткерлердің саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл ең алдымен, бәсекеге қабілетті тауарлар мен қызметтерді ұсынып отырған отандық кәсіпкерлердің саны да жылдан-жылға артып отырғанынын белгісі.
ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығымен марапаттау салтанаты Дүниежүзілік сапа күні атап өтілетін қараша айының (2009 жылғы) екінші бейсенбісінде өтеді.
- Сұхбатыңызға рахмет!