«Алтынемел» Ұлттық мемлекеттік табиғи саябағында өткен жылы 3,5 мыңнан астам турист демалды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Алтынемел» Ұлттық мемлекеттік табиғи саябағында наурыздың 22-сінен бері «Саябақтар шеруі» деп аталатын шара өтіп жатыр.
None
None
Бұл жайлы бүгін Алматыда өткізілген баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Алматыдан біршама шалғайда орналасқандықтан және саяхатшылардың аздығынан бізде тазалық сақтау оңайлау. Мәселен, өткен жылы бізге 3,5 мыңнан аса шетелдік және отандық туристер келді. Әрине бұдан да көп қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Жалпы бүкіл дүниежүзінде атап өтілетін «Саябақтар шеруін» біз Кербұлақ ауданындағы Басши ауылында бастадық. Мамырдың 22-сіне дейін созылатын бұл шараның басты мақсаты - халықты жан-жануарлар, құстар мен өсімдіктер дүниесін көздің қарашығындай сақтауға үйрету», - дейді «Алтынемел» Ұлттық мемлекеттік табиғи саябағы бас директорының орынбасары Хамит Ахметов. «Алтынемел» ұлттық мемлекеттік табиғи саябағы 1996 жылы сәуірдің 10-ында құрылған болатын. 520 мың 220 гектар жерді алып жатқан бақ аумағында әйгілі «Айғайқұм», «Үңгіртас» және «Бесшатыр» обалары мен «Таңбалы тас» саяхатшылардың ең көп тамашалайтын орындары саналады. Хамит Ағабекұлының айтуынша, саябақтың негізгі қызметі - табиғат кешендерін және жан-жануарлар, өсімдіктер дүниесін қорғау. Сондай-ақ туристік қызмет көрсету болып есептеледі. Онда қазіргі таңда тұяқтылардан 2,5 мыңнан аса құлан, 7 мыңнан астам қарақұйрық, 3,5 мыңнан астам таутеке және 200-ден астам арқар бар. 140 табиғат қорғаушысы жұмыс жасайтын бұл жерде туристер үшін еуропалық стандарттағы 7 қонақүй ашылған.
Соңғы жаңалықтар