«Алтынемел» ұлттық паркінде Қызыл кітаптағы жануарларға санақ жүргізілді
![None None](/static/img/plug.webp)
Жануарларды есепке алу әдісі қарапайым. Бірнеше экипаж бір-біріне 3 шақырым қашықтықта ілесе жүріп, тұяқтыларды оң жағынан есептейді, бұл екі қайтара есептеуді болдырмау үшін қажет. Осы жолғы 14-ші санақ нәтижелері өткен жылмен салыстырғанда, қарақұйрық басы 350-ге өскенін көрсетті. Құландар саны да 250-ден аса басқа артқан. Мұндағы саны аз - арқарлар. Өткен жылы тау ешкілері 131 болса, қазірде - 158-ге жеткен. Мамандар соңғы кезде олардың мазасын алу бәсеңдегелі тұяқтылар көбірек өсіп-өне бастағанын айтады.
Қызыл кітапқа енгізілген жануарлардың төлдеуі артып келе жатқаны біраздан бері байқалуда. Бірақ та олардың төлдерінің бәрі бәрдей өсіп кете алмайды. Әсіресе, қасқырлардың саны көбейіп отыр. Олар кемінде тұяқты төлдердің 30 пайызын қырып салады. Жыртқыштарды аулау үнемі жүргізіліп келеді. Соған қарамастан бұрынғы ескі әдіс - қақпан құру және аулау нәтиже бермей отыр. Парк қызметкерлері у салып та көрмекші болды, бірақ басқа аң-құстарға залалы тиюі мүмкін. Тұз тағыларын тікұшақтан ату жануарларды үркітіп, бездіріп жібереді. «Қазір делтапландармен аулап көрмекпіз. Шама келсе, инспекторлар қасқырларды індерінде жусатуы тиіс. Ал Пржевальский жылқыларына қасқырлар қорқынышты емес. Олар жыртқыштардан жақсы қорғана алады», - деп атап өтті Алматы облысы орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының басшысы Темірлан Мәмиев.
«Алтынемел» - тұяқтылар тұмса табиғатта емін-еркін өмір сүретін бірден-бір орта. Мұнда 10 жыл бұрын неміс зообағынан Пржевалский жылқыларының 14 таза тұқымды айғырлары мен биелері әкелінді. Қазір олардың табындарын жасақтаудың жаңа әдісіне орай төл бере бастады. Бүгінде парк аумағында 12 Пржевальский жылқысы бар.
«Алтынемел» ұлттық табиғат паркінің бас директоры Халық Баяділов таяудағы жылдары Пржевальский жылқылары мен құландардың басы өсетініне сенімді. 80-ші жылдары 22 бас құлан әкелінген болатын. Қазір олардың саны 4 мыңға жуықтады. Жылына 500-600 бас төл береді. Паркте жемшөп қорын ұлғайту үшін оның аумағына 142 мың гектар жер қосылды. Соңғы кезде браконьерлікпен күрес те өрістей түсті. Алматы облысында өткен жылы осындай үш жүзге жуық факті тіркелді. Олардың көпшілігі бойынша қылмыстық істер қозғалды.