Алуа Балқыбекова бокстан әлем чемпионатында алтынға таласады
АСТАНА. KAZINFORM - Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем чемпионатында Алуа Балқыбекова (51 келі) финалға шықты.
Отандасымыз финал жолдамасын қытайлық Ци Синьюмен қолғап түйістірді. Нәтижесінде қарсыласын 4:1 есебімен жеңді. Енді ол финалда түрік Бусиназ Чакироглумен жұдырықтасады.
Алуа Балқыбекова 1996 жылы дүниеге келген. Қазірге дейін әлем чемпионатында алтын, күміс, қола медаль алса, екі мәрте Азия чемпионы атағын жеңіп алды.
Айта кетсек, бұдан бұрын Назым Қызайбай (48 келі), Санжар Тәшкенбай (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі) финалға жолдама алған еді.
Енді ел құрамасынан Төрехан Сабырхан (70 келі), Наталья Богданова (70 келі) финал жолдамасын сарапқа салады.
Сондай-ақ ондай мүмкіндікке 12 қыркүйекте Аида Әбікеева (65 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) ие болды.
Ал Виктория Графеева (60 келі) мен Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары) қола жүлдені қанағат тұтты.
Дүбірлі дода 4-14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатыр. Жекпе-жектер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.