Аляскада Путин мен Трамптың кездесуіне орай қауіпсіздік шаралары күшейтілді
АСТАНА. KAZINFORM — Алясканың Анкоридж қаласында Ресей — АҚШ саммиті қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп хабарлайды ТАСС.

Аляскадағы Орыс мәдени орталығының директоры Анна Вернаның айтуынша, аймақта қауіпсіздікке бақылау артқан, америкалық тарап көптеген күзетшіні жұмылдырған, олар тіпті тұтас үйлерді иеленіп отыр.
Сондай-ақ, қалаға мәртебелі қонақтар келіп жатқанын жеткізді. Алдыңғы күні АҚШ Денсаулық сақтау министрі кіші Роберт Кеннеди келсе, ресейлік дипломаттардың да келгені туралы ақпарат бар.
Вернаның сөзінше, алдағы саммит штат тұрғындары үшін маңызды оқиғаға айналған.
— Барлық жергілікті телеарна жаңалықтар топтамасын осы саммит тақырыбынан бастайды. Қонақ үйлер лық толы, сондықтан жергілікті тұрғындар өз бөлмелерін жалға беріп жатыр, — деді ол.
Оның айтуынша, жергілікті билік пен тұрғындар келіссөздер үшін «қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға» барынша тырысып жатыр.
АҚШ Федералды азаматтық авиация басқармасының (FAA) дерегінше, Путин мен Трамп кездесетін күні Анкоридж қаласы үстіндегі әуе кеңістігі жабылады. Ұшуға тыйым салынған аймақтың радиусы 48,3 шақырымды, биіктігі 5,5 мың метр.
Еске сала кетейік, өткен аптада Трамп Путинмен кездесу 15 тамызда Аляскада өтетінін хабарлаған болатын.