Аляскадағы келіссөздер: Ресей және АҚШ делегациясының құрамы белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM – Аляскада өтетін Владимир Путин мен Дональд Трамптың кездесуі 16 тамызда астаналық уақытпен 00:30-да басталады. Алғашқы бөлімде екі ел көшбасшысы тек аудармашылардың қатысуымен жеке сөйлеседі, деп хабарлайды Kazinform.

Ресей Президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, саммиттің негізгі тақырыбы – Украинадағы дағдарысты реттеу. Сонымен қатар тараптар бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ өзекті халықаралық және өңірлік проблемаларды талқылайды.
Келіссөздер делегациялық форматта «5+5» үлгісімен өтеді. Ресей делегациясына Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Президент көмекшісі Юрий Ушаков, Қорғаныс министрі Андрей Белоусов, Қаржы министрі Антон Силуанов және РФ Тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев енді.
АҚШ делегациясының ресми құрамы Ақ үй тарапынан әлі жарияланған жоқ. Дегенмен «Henry Jackson Society» ұйымының ғылыми қызметкері Даррен Спинктің болжамынша, келіссөздерге Мемлекеттік хатшы Марко Рубио, Қаржы министрі Скотт Бессент, Қорғаныс министрі Пит Хегсет, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші орынбасары Эндрю Бэйкер, Орталық барлау басқармасының директоры Джон Рэтклифф, Ақ үй аппаратының басшысы Сьюзи Уайлс, АҚШ-тың Ресейдегі уақытша сенімді өкілі Дж. Дуглас Дайкхаус, Ресей бойынша арнайы өкіл Стив Уиткофф, Ақ үй баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт және коммуникациялар жөніндегі директор Стивен Чунг қатысуы мүмкін.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Путин мен Трамп бірлескен баспасөз мәслихатын өткізеді.
Бұған дейін АҚШ Қаржы министрлігі Аляскадағы саммитті дайындау және өткізу үшін қажет қаржылық операцияларды 20 тамызға дейін Ресейге қарсы санкциялардан уақытша босатқан болатын.