Аляскадағы келіссөздерге қатысатын АҚШ делегациясының құрамы жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Анкоридж қаласына сапарында Дональд Трампқа АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, қаржы және сауда министрлері Скотт Бессент пен Говард Латник, сондай-ақ Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) директоры Джон Рэтклифф және арнайы өкіл Стивен Уиткофф еріп барады.

Ақ үйдің мәліметінше, делегация құрамына барлығы 16 шенеунік енген. Олардың арасында АҚШ-тың бас протоколшысы Моника Кроули, Ақ үй аппаратының басшысы Сюзан Уайлс, оның орынбасарлары Джеймс Блэр, Бо Харрисон, Дэн Скавино, коммуникациялар жөніндегі директор, баспасөз хатшысы және АҚШ президентінің көмекшілері Стивен Чун, Кэролайн Ливитт және Ник Луна бар. Сондай-ақ Анкориджге Трамппен бірге оның спичрайтері Росс Уортингтон және аппараттың жауапты хатшысы қызметін атқаратын заңгер Уилл Шарф барады.
Ақ үйдің хабарлауынша, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен Пентагон басшысы Пит Хегсет делегация құрамына енбеген.
Ресей жағынан келіссөздерге РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Мемлекет басшысының көмекшісі Юрий Ушаков, қорғаныс министрі Андрей Белоусов, қаржы министрі Антон Силуанов, сондай-ақ Ресейдің тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев қатысады.
Бұған дейін Трамптың Путинмен кездесуге Анкориджге ұшып шыққаны хабарланған еді.