«Алып ұн комбинаттары қажет» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 17 қаңтар, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Күллі әлем кедейшілік кермесінде» деген мақала басылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметкерлері «Мыңжылдықтың мақсаты» кедейшіліктің алдын ала белгіленген мерзімінен де бұрын бақылауға алынғанын мәлімдеп, жарияға жар салды. Бірақ тәуелсіз сарапшылар мұндай шадыман көңіл күйден әзірге аулақтау отыр. Олар әлі де болса, «әліптің артын бағуды» жөн көретін сияқты. Еске сала кетейік, 2000 жылы БҰҰ-ның 193 елінің өкілдері салтанатты жағдайда абсолютті кедейшілікті жою жөнінде мәміле жасасқан болатын. Қағаз жүзіне өрнектеліп түскен сол жолғы «Мыңжылдықтың мақсаты» атты құжат ең алдымен 2015 жылға дейін планетада күндік табысы 1,25 долларға жетпейтін адамдар санын 1990 жылға қарағанда екі есеге қысқартуды көздейтін еді. Алайда, бүгінгі мәліметтер көрсетіп отырғандай, ол меже алынбаған.

«Белгіленген межелер көкжиектен көрініп тұрған шақта, біз барлық саладағы ілгері жылжушылықты жақсы бақылап отырамыз. Кең ауқымды экономикалық және қаржылық дағдарысқа қарамастан, біз көп нәрсені жүзеге асыра аламыз, - деп жұртты қуандыруға асықты БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ву Хунбо. - Әлемдік қоғамдастық бұл мақсаттардың қолға алынғанына мақтанулары тиіс. Кедейлікті кеміту жөніндегі мақсатқа 5 жылда қол жетті. Қазір 1990 жылға қарағанда, абсолютті кедейшілікте тұратындар саны 700 млн. адамға кеміді».

Бас бысылымда «Көненің көзі» деген материал жарық көрді. Алматыда жүргізілген қазба жұмыс­тары кезінде ежелгі дәуірлерден сыр шертетін үш жәдігер табылды. Қаланың Алатау ауданындағы «Көкқайнар» қорымынан кездескен бұл мұралар Алматы тарихы мұражайына қойылды. Табылған заттардың бірі - ойнап жатқан соқырдың (мысық баласы) бейнесі сомдалған алтын мүсін. Мамандар оны ежелгі бас киімнің магиялық пішіміне ұқсайтынын айтады. Ал екіншісі - басын солға бұрып тұрған қыран құстың кескіні зерленген алтын пластинка. Мамандар бұл жәдігерлерді біздің жыл санауымызға дейінгі IV ғасырға теліп отыр.

Бұған қоса, қорымнан қорғасыннан құйылған сабы бар айна қазып алынған. Оның ернеуі 2 см. болатын қорғасын белдеумен қапталыпты. Зерттеушілер бұл жәдігердің қай дәуірге жататынын әлі нақтылай қойған жоқ.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Жұрт жаңа жылды тойлатып жатқанда алаяқтар зыр жүгіріп жұмыстарын бітіріп жүрген екен. 2015 жылдың алғашқы екі аптасында талай адамдардың миллиондары алаяқтардың алақанында кетті. Тек Алматы облысының тұрғындары ғана олардың қалтасына бір жарым аптаның ішінде 32 млн. теңгені салып беріпті. Қазір облыс аумағында адамдарды алдап ақшаларын алып кеткен 16 алаяқ тергеушілердің алдында отыр.

Жаңа жылдың алғашқы он күнінде Алматы облыстық ішкі істер басқармасы 50-ден аса алаяқтық фактілерін тіркеді. Бұл фактілердің әзірге ашылмаған үшеуі ғана, бірақ жұртты алдап жүргендердің кім екені белгілі. Жақын арада олар қолға түседі деген сенімде із кесушілер. Адамдарды арбап ақшаларын алып жүрген алдамшылар ізін суытып үлгермей ұсталып жатыр. Іле ауданының по­лициясы төрт алаяқтық фактілер бойынша 45 жастағы қарағандылықты ұс­тады. Қарасай ауданының кри­минал­дық полициясы үстінен отыздан астам шағым түскен 33 жастағы алаяқ әйелді тапты. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, ұс­талғандар адамдарды шырмауы­на түсіру үшін неше түрлі айланы ойлап тауып, әртүрлі ба­ғыттарға пайдаланған. Мысалы, телефон арқылы полицияның қолына түскен аға­йынын қылмыстық қудалаудан құтқа­ратынын ай­тады, сот процесінде күшті кө­мек көрсететінін, банк кредит­терін оңай алып беретінін, жұмысқа тұрғыза­тынын, жер учаскелерін алып беретінін айтып, аңқау жандарды сөзіне илан­дырады да алдын ала ақша талап етеді. Бұл мақала «Халықтың қалтасын қаққандар» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда «Алып ұн комбинаттары қажет» атты мақала жарияланды. «Бізге алып ұн комбинаттары қажет. Бұл басты қажеттіліктердің біріншісі деуге болатын нысан. Себебі ауыл шаруашылығын, ондағы ағайындар­дың тұрмыс жағдайын түзейміз десек, ауыл өндірісінде қосымша құны мол тауарлар болуы тиіс. Бұл әзірге бізде мүлде жоқ. Сондықтан ауылдың бай шикізаты «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатыр. Ал ауылдарымызда мемлекет халқының 46 пайызы тұратынын ескерсек, онда мәселе өзекті екенін түсіну қиын емес. Қосымша құны мол тауарлы өндіріс болатын бір және бірегей сала - астықты аймақтарда алып ұн комбинаттарын салу. Түпкі мақсат жалпы астық экспортының ең кемі ширек бөлігі ұн күйіне жеткізілсе, онда тасымал шығыны азайып, біраз қосымша құн алар едік», - деп жазады мақала авторы.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Мың бала мемлекеттік тілді үйренеді» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. 2015 жыл - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы. Осыған орай ақпан айынан бастап ел бойынша ауқымды шаралар өткізілмек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов мәлімдеді. «Мемлекет басшысының қатысуымен Ассамблеяның арнайы сессиясы өтеді. Конституцияның 20, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған арнайы шаралар қарастырылған. Жыл соңында Тұңғыш Президент күнінде Қазақстан халқы форумы ұйымдастырылады. Осымен Ассамблея жылын аяқтаймыз. Әр бағыт нақты жобалармен атап өтіледі» деді Е.Тоғжанов өз сөзінде.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылында еліміздегі қоғамдық келісімнің мәнін түсіндіруге ерекше мән беріледі. «Ішкі саясаты мығым елдің сыртқы саясаты да берік болады. Мұндай мемлекетте қоғамдық келісім конституциялық негіз ретінде дамыған кезде ғана қол жеткізіледі» деген Е.Тоғжанов еліміздегі қоғамдық келісім саясатын әрі қарай жалғастыру үшін ұлттық саясаттың бағыт-бағдарын тағы бір мәрте пысықтау қажеттігін де тілге тиек етті.

Соңғы жаңалықтар