Алыстағы ауданда аудандық балалар кітапханасы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды

Кітапханаға жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер «Символ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Ескендір Елемесов жаңадан ашылғалы тұрған кітапханаға байғазы ретінде кілем мен DVD тарту етті.
Аудан әкімінің орынбасары Қазбек Меңеев пен аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Амангелді Уәлиев лента қию рәсімін жасағаннан кейін «жақсыны көрмек үшін» деп жиналған қауым ішке енді. Ғимараттың сырты көздің жауын алып, қалай жұтынып, тұрса, іші де сондай керемет екен. Қыздың жиған жүгіндей жайнап, сәні мен салтанаты келісіп тұр. Кітапхананы аралап шыққан көпшілік екінші қабатқа көтеріліп, қоғамдық негіздегі мұражаймен танысты, ондағы жинақталған жәдігерлерді, тарихи құжат-фотосуреттерді көріп тамашалады.