Алыстағы ауылға ауыз су жеткізілді
Қарағаш селолық округінде өткен әкім күнінен соң қолға алынған бұл мәселе аудан әкімі Айболат Сейтақовтың тапсырмасымен көп кешікпей-ақ шешімін тапты.
Аудандық «Шыңғырлаукомтехсервис» МҚК мекемесі тарапынан Ақсуат ауылы маңындағы сонау кеңестік кезеңнен қалған бірнеше ұңғыма нақты тексеріліп, жарамды деген біріне су тартқыш орнатылды. Ауылға арнайы техникалар алдырылып, аталмыш мекеменің механизаторлары Р.Исалиев пен В.Супруннің жіті қимылдары арқасында ұңғымадан ауыл орталығына дейін тереңдігі 2,2 метр, ұзындығы 1300 метр ор қазылып, пластикалық құбырлар салынды. Бұл тұста, әрине, ауыл тұрғындары да қол көмектерін көрсетіп, ауылға ауыз судың келуін тездете түсті.
Ауылға су көзін жеткізуге аудан бюджетінен 300 мың теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржының құбыр мен түрлі қажетті құрал-жабдықтар бағасының бас бермей, үдеп тұрған шағында жетпестік ететіні белгілі. Оның үстіне жанар-жағар май, сусорғыш, жұмысшылар еңбегіне кететін едәуір қаржыны «Шыңғырлаукомтехсервис» мекемесі өз есебінен толықтырып, тез арада бітіріп отыр.
Ақсуат ауылы - ауданда биылғы жылы су беріліп отырған екінші елді мекен. Бұған дейін Шоқтыбай ауылына да су келтіріліп, су ұңғымасы іске қосылған болатын.