ӘЛЖАНОВ ОТЫНШЫ

Зайсандағы орыс-қазақ училищесін, Омбының қазақ-орыс гамназиясын, Омбы мұғалімдер семинариясын бітірген.
1894-1895 жылдары - Дала генерал-губернаторы кеңесінің іс жүргізушісі. 1895-1907 жылдары - Ақмола облыстық сотының тілмашы. 1907-1909 жылдары Көкпекті қаласындағы орыс-қазақ училищесінің меңгерушісі болған. 1907 жылы Петербургте өткен бұратана халықтардың оқу-ісі мен мектептері туралы Ережені қайта қараған комиссияның жұмысына қазақ халқының өкілі ретінде қатысып, қазақ елінің оқу-ағарту ісінің күрделі проблемалары туралы баяндама жасаған. Дала өлкесіндегі миссионерлік бағыттағы оқу жүйесінің зардапты әрекеттерін әшкерелеген. Қандастарының келімсектерден көріп отырған зорлық-зомбылықгарына араша түскен.
Қазақ жеріне сұғанақтық жасағандардың жолсыз қылықтарын әшкерелеуі Ресей өкіметінің отарлау саясатына қарсылық деп танылып, Отыншы Әлжанов 5 жылға Жетісу облысының Лепсі уезіне жер аударылған. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Отыншы Әлжанов Жетісу облысындағы Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі болды. Ол уездік, облыстық жалпықазақ съездеріне түгелдей қатысқан. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда өткен II Жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметіне мүше болып сайланады. Жетісуда құрылған Алаш милициясы әскерінің қолбасшысы болып, большевиктерге қарсы соғысқан. Кейіннен қызылдардың қолынан қаза тапты. Кеңес өкіметі оның ұрпақтарын қырғынға ұшыратқан.
Отыншы Әлжановтың «Қарынбайдың хикаяты» ( Дала уәлаяты, 1894), «Печальное положение современной киргизской женщины» (1894), «Беседа о воспитании киргизских детей» (1898), «Причины обеднения киргизов»,1898 г.) атты шығармалары жарық көрген.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том.