АЛЖИР - алаштың аяулы перзенттерінің сүйген жарлары, апа-қарындастарының нақақтан төгілген көз жастарының мәңгі ескерткіші - Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Е. Тоғжанов
Шараға сол бір зұлмат жылдарда қылышынан қан тамған сталиндік қуғын-сүргінді көрген жандардың ұрпақтары, отандық және шетелдік тарихшы ғалымдар қатысты.
Кешен орналасқан аумаққа жеткен барлық азаматтарға құшақтары гүл шоқтары толы мектеп оқушылары бір тал қалампырдан таратты. Аталған іс-шараға қатысушылар мұражайды айнала қоршалған, нәубет жылдары қаза тапқан азаматтардың есімі қара түсті мәрмәр тастарға қашалып бедерленген тұстарға гүл шоқтарын қойғаннан кейін мұражайдың қақ ортасындағы алаңға табан тіреді. Осы жерде бірқатар мемлекет қайраткерлері мен қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ұрпақтары сөз сөйледі.
Алғашқы сөз кезегі тиген Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов, «АЛЖИР алаштың аялуы перзенттерінің сүйген жарлары, апа-қарындастарының нақақтан төгілген көз жастарының мәңгі ескерткіші. Келешек ұрпаққа «сендерді нәубеттен сақтасын, біз көрген азапты, сұмдықты, шындықты дәлелдей алмай жұтқан ащы запыранды, ойымызды айта алмай тұншыққан қапасты сендер көрмеңдер, бірақ ұмытпаңдар», дегендей. Бүгін біздің арамызда АЛЖИР-дің тозағын өз көзімен көрген, жүректерінде мәңгі жазылмайтын жара салынған ағаларымыз бен аналарымыз тұр», дей келіп, «қарт ана қалың қалай тірімісің, жандардың қайғы тартқан бірімісің. Қан жұтып азаппенен қартайғанда, АЛЖИР-дің айтылатын жырымысың», деп жазған ақынның бір шумақ өлеңін оқыды.
«Бүгін біздің тәуелсіздігіміз, бейбіт өміріміз сол жандардың кермек жас жұтқан жылдарының өтеуі әрі ата тарихтың бізге тастап кеткен сабағы іспетті. Тарих бетіне қара әріппен жазылған нәубет жылдардың ызғары біздің тәуелсіздігіміздің құндылығын еселей түседі, оны нығайта беру әрқайсымыздың өмірлік міндетіміз екенін дәлелдеп тұр», деп қорытты сөзін ол.
Осыдан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы, Ақмола облысы және Астана қаласы әкімдігі және «Нұр Отан» ХДП атынан зұлмат жылдары зардап шеккен азаматтардың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп, бір минуттың үнсіздік жарияланды және құрбандардың аруақтарына құран бағышталды.