«АЛЖИР» мұражайында нәубетті жылдардың құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін барлығы жасалуда - ФОТО
Атап айтқанда «АЛЖИР» лагері Қазақстан астанасынан 37 шақырым жерде орналасқан. Оған еш кінәсіз әйелдер мен шиеттей балаларды барша Кеңес Одағынан алып келіп, олар сталиндік қатігездік режімін басынан өткерді. 2007 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен Ақмола облысы Ақмол елді мекенінің аумағындағы осы қасіретті жерде Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені ашылды. ҚазАқпарат тілшісі осы кешенде болып, мұражай директорының ғылым бойынша орынбасары Лауренсия Абдрахманованы әңгімеге тартты.
- Лауренсия Орынбекқызы, саяси репрессия құрбандарын мәңгі есте қалдыру бағытында «АЛЖИР» қызметкерлері тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?
- Біздің мемориалды-мұражай кешені жұмысының негізгі бағыттары ғылыми-қор, ғылыми-зерттеу және экспозициялық-көрмелік қызметтерге арналған. Бүгінде мұражай қоры 12 мыңнан астам экспонаттарды құрап отыр. «АЛЖИР» лагерінде болған тұтқын әйелдердің тізімін нақтылау мен зерттеу бойынша жұмыстар жалғасуда. 2003 жылы басылып шыққан «АЛЖИР» тұтқындары бойынша кітаптың негізінде сандық база құрылуда. Онда 7259 әйел жайында мәліметтер қамтылған. Өткен жылы біздің www.alzhir.kz жеке веб-сайтымыз, сондай-ақ мұражай бойынша виртуалды тур мүмкіндіктері ашылды. 2013-2014 жылдары «Абайдың қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпақтары мен туыстары», «Қуғын-сүргінді болған әдебиет және өнер қайраткерлері», «ХХ ғасырдың 40-50 жылдарында Қазақстанда ұлттық зиялыларға қарсы қуғын-сүргін», «Қазақ жерінің ұлы тұлғалары» атты жаңа экспозициялар құрылды.
«Тозақ азабы арқылы» және «Біз куәландырамыз...» (лагерьдегі 32 тұтқын әйелдің жеке заттары) атты екі шағын зал ашылды. Мұражай аумағында «АЛЖИР» лагеріндегі әйелдерден балаларды тартып алу» диорамасымен лагерлік барақтың шағын түрі және «Көз жасы» стеласы орнатылды. Негізгі қордың 4172 экспонатының базасымен ақпараттық дүңгіршектің жұмысы ұйымдастырылды. Мұнда кез келген адам қызықты мәліметтерді біле алады. Жыл сайын мұражай 18 мыңнан астам адамды қабылдап, 30-дан астам көрмелер өткізіледі.
- Осыншама адам келетінін ескерсек, мұражай қаладан тыс аумақта орналасса да еліміз бойынша қызығушылық тудыратын орындардың бірі болып отыр ғой. Осы орайда «АЛЖИР» мұражайына шетелдіктер қаншалықты жиі келеді?
- Иә, мұнда шетелдіктер жиі ат басын бұрады. Себебі осы лагерь арқылы 62 ұлт өкілдері өтті, яғни 8 мыңға тарта нәзік жандылардың 187-сі қазақ әйелдері. Мемориалдық тақташаларды Франция, Германия, Польша, Грузия, Әзербайжан және басқа да бірқатар мемлекеттердің елшіліктері орнатты.
- Сіздер сол зұлмат оқиғалар куәгерлерінің естеліктерімен және мұрағаттық құжаттарымен, тарихшылардың мақалаларымен жұмыс істейсіздер. «АЛЖИР» лагерінде тұтқында болған әйелдердің арасында бүгінге дейін тірі жүргендер бар ма?
- «АЛЖИР» зардабын тартқандардың көбі бостандыққа шыққаннан кейін Қазақстанда өмір сүруге қалды. Біздің мәліметтер бойынша, олардың ішінде бүгінге дейін арамызда аман жүрген Анна Григорьевна Енданова ғана. Биыл 5 наурызда әжей 97 жасқа толды. Осы күні мұражай зейнеткерге материалдық көмек көрсетеді. Сонымен қатар ол кісі біздің қорға өзінің жеке заттары мен құжаттарын тапсырды.
- Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін биыл қандай шараларды өткізуді жоспарлап отырсыздар?
- 31 мамыр қарсаңында «Қорқынышты түс секілді» деген атаумен «АЛЖИР» тұтқындарының және олардың ұрпақтары естелігінің жинағын шығарамыз. 2010 жылы біз «Қазақстан бізді біріктіреді» атты кітап басылып шықты, ал 2012 жылы «Алаш-АЛЖИР» екі томдығы жарияланды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде біздің мемориалды-мұражай кешені аумағында митинг өтіп, естелік қабырғасына гүл шоқтары қойылады. Осы күнгі шараларға Астана әкімдігі ішкі саясат және мәдениет басқармаларының өкілдері, қуғын-сүргіннің және Қазақстанға жер аударылғандардың ұрпақтары қатысады. «АЛЖИР» лагерінде тұтқында болған Евгения Крамердің немересі Наталья Григорьева Санк-Петербордан биыл арнайы келмек. Қонақтар үшін экскурсия өткізіледі, сондай-ақ «АЛЖИР-дің атақты есімдері» бейнепанорамалық көрме көпшілік назарына ұсынылады.
Біздің мұражай посткеңестік кеңістікте саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыруға негізделген мамандандырылған жалғыз мекеме. Қорыта келгенде, «АЛЖИР» кешенінде сол нәубет жылдарындағы зұлматты есте сақтау үшін барлық жұмыстар атқарылуда.
-Әңгімеңізге рахмет!