Аманкелді Таспиховтың облыстық штабтары үгіт-насихат жұмыстарын бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспиховтың облыстық штабтары аймақтарда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аманкелді Таспиховтың облыстық штабтары үгіт-насихат жұмыстарын бастады

Бірінші кезекте бүгін Аманкелді Таспиховтың Маңғыстау облысы бойынша сайлауалды штабы Жаңаөзеннің еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Делегация құрамында: облыстық қоғамдық штабтың басшысы, Маңғыстау облысының Кәсіподақ орталығының төрағасы Киікбай Жаулин, төрағаның орынбасары Тельман Матаев, «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Наурыз Сақтағанов, Еңбек ардагері, кәсіподақтың белсенді мүшесі Марат Дәулетов және облыстың жергілікті кәсіподақтарының басқа да төрағалары болды.

«Кәсіптік одақтар - еңбекшілердің мүдделері мен құқықтарын қорғауға арналған маңызды қоғамдық институт. Ал, Аманкелді Таспиховтың алға қойған мақсаттары: жосықсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қамтамасыз ету, қауіпсіз еңбек жағдайлары, лайықты еңбекақы және еңбек көші-қонын реттеу сияқты мәселелер. Сондықтан мен осы іс-шараның барлық қатысушылары, барлық қазақстандықтар сияқты, өздерінің сайлау учаскелеріне келіп, өз болашағы үшін, өз балалары мен немерелерінің болашағы үшін Отанымыздағы бейбітшілік пен тұрақтылық үшін дауыс беретініне сенімдімін», - деді Киікбай Жаулин.

Іс-шараға қатысушылар үміткерді алдағы сайлауда қолдауға дайын екендіктерін білдірді.

Сондай-ақ, бүгін Тараз қаласындағы М.Дулати атындағы мемлекеттік үниверситеттің «Жастар сарайында» ҚР Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың Жамбыл облысы бойынша сенімді өкілдері оқытушы - профессорлар құрамы және студенттермен жұмыс кестесіне сәйкес үгіт-насихаттық кездесуін өткізді. Жиынға 250-ден астам сайлаушы қатысты.

Кездесуде А. Таспиховтың Жамбыл облыстық қоғамдық штабының жетекшісі, сенімді өкілі М. Төлепберген сайлаудың саяси маңызын атап көрсете келе кандидат Аманкелді Таспиховтың өмірбаянымен және сайлауалды тұғырнамасымен таныстырып, кандидаттың лайықты еңбегі мен азаматтық тұлғасын жан-жақты айтып берді.

Кездесуге қатысушылар кандидаттың тұғырнамасының өзекті және еңбеккерлердің құқы мен мүддесін қорғау тұрғысындағы әрбір мәселеге орай өз пікірлерін айтып, толғандырған сұрақтарын қойды. Жалпы Қазақстан кәсіподағының қызметін жандандырып, жаңа биікке көтеру мүмкіндіктерін қолдады.

Жиын барысында барлық салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері де облыс бойынша басталған алғашқы алқалы кездесуге қатысып, олар да сайлаушылардың пікіріне үн қатты. Осылайша Жамбыл облысында үгіт-насихат тікелей сайлаушылардың қатысумен атқаратын жұмыстары өз бастау алды.

Еске сала кетсек, кеше ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа келіп, қызметкерлермен кездескен болатын.

Ал, ҚР Президенттігіне кандидат Жамбыл Ахметбеков ресми сайтында сайлауалды тұғырнамасын жариялады.

Сонымен қатар, кеше «Ауыл» xалықтық-демократиялық патриоттық партиясының сайлауалды штабында жиын өтті. Онда президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков өзінің сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Одан бөлек, ҚР Президенттігіне кандидат Әміржан Қосанов та өзінің сайлауалды тұғырнамасын жария етті.

Кандидаттардің бірқатары қазірдің өзінде біршама қызу жұмыстарды жүргізіп жатыр. Жер-жерде халықпен кездескен Президенттікке үміткерлер халықпен кездесіп, дауыс жинау үшін үгіт-насихат жұмыстарына кіріскен. Атап айтқанда, «Ақ жол» партиясынан үміткер Дания Еспаева Алматы базарында жұмыс істейтін кәсіпкерлермен кездесті.

Ал Әміржан Қосанов сайлауалды штабымен Солтүстік Қазақстанды аралап жүр.