Amazon-ның 20 елдегі қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілге шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Жұма (Black Friday) күні Amazon компаниясының әлемнің 20 еліндегі қызметкерлері жалақыны көтеру және еңбек құқықтарын сақтау талабымен ереуілге шықты. Наразылық акциялары Франция, Польша, Ұлыбритания, АҚШ, Жапония, Бразилия және Оңтүстік Африкада өтті, деп хабарлайды Euronews.

Amazon офисі, офис Amazon
Фото: Серикбол Кошмаганбетов / Kazinform

«Make Amazon Pay» («Amazon әділ төлем жасасын») қозғалысы аясында кәсіподақтар мен қоғамдық ұйымдар компанияның қоймалары, сұрыптау орталықтары мен кеңселеріндегі жұмысты баяулатуға шақырды. Биыл бұл акция жетінші жыл қатарынан «Қара жұмаға» тұспа-тұс ұйымдастырылды. Кейбір елдерде наразылықтар «Кибер дүйсенбіге» дейін жалғасады.

Германияда ver.di кәсіподағы Amazon-ның 11 нысанында ереуіл өткізуге шақырса, Үндістанда кемінде 23 жерде наразылық акциялары ұйымдастырылды. Германияның Франкенталь қаласындағы компания нысанында 150 қызметкер 24 сағат бойы жұмысын тоқтатып, еңбек өнімділігіне қойылатын талаптарды азайтуды және ұжымдық келісімге қосылуды талап етті.

Бангладеште қызметкерлер жалақыны көтеруді және еңбек қауіпсіздігіне қатысты міндетті келісімдерге қол қоюды талап етіп келеді. Қазір олардың айлық табысы 128 еуро болса, кәсіподақтар оны 220 еуроға дейін арттыруды сұрайды.

Amazon өкілі компания әлем бойынша 1,5 миллионнан астам адамды тікелей жұмыспен қамтып, қызметкерлерге жоғары жалақы, әлеуметтік жеңілдіктер мен қауіпсіз еңбек жағдайын ұсынатынын мәлімдеді.

Еуропада Amazon компаниясында 230 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі тапсырыстарды жинақтау және жеткізу саласына тартылған. Euronews мәліметінше, компанияның 2026 жылғы табысы 678 млрд еуроға жеткен.

Кәсіподақ өкілдері компанияны қызметкерлердің талаптарын елемеуге және еңбек жағдайын жеткілікті деңгейде қамтамасыз етпеуге айыптайды. Ал Amazon басшылығы мұндай сынмен келіспейді.

Еске сала кетсек, 23 қараша күні Бельгияда жаппай ереуілге байланысты әуежайлар жұмысын тоқтататыны хабарланды.

Ал Eurostar-дағы ереуілден Париж–Лондон бағытындағы бірнеше пойыз тоқтап қалды.