Amazon-ның ондаған мың қызметкері жұмыссыз қалуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM - Amazon корпоративті қызметкерлер санын шамамен 30 мың адамға азайту жоспары аясында келесі аптада-ақ жаппай қысқарту шарасының екінші кеңезеңін іске қоспақ, деп хабарлайды Reuters.

Амазон офис, офис Амазон
Фото: Серікбол Қошмағанбетов / Kazinform

Қазан айында компания кеңсе қызметкерлерінің шамамен 14 мыңын жұмыстан шығарған еді — бұл жарияланған қысқарту жоспарының тең жартысына жуық. Енді алдағы жаңа толқын да ауқымы жағынан соған шамалас болуы мүмкін әрі сейсенбі, 27 қаңтардан басталуы ықтимал.

Қысқарту Amazon Web Services (AWS), бөлшек сауда бағыты, Prime Video, сондай-ақ кадр саясатына жауапты People Experience and Technology департаментін қамтиды деген болжам бар.

Компания қазан айындағы қысқартуларды жасанды интеллектіге негізделген шешімдерді жедел енгізумен байланыстырған болатын. Amazon сол кезде қазіргі ИИ буынын интернеттің пайда болуынан бергі ең қарқынды технологиялық серпіліс деп атап, оның бизнесті бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен дамытуға мүмкіндік беретінін мәлімдеген.

Алайда кейінірек Amazon бас директоры Энди Джэсси сарапшыларға қысқартулардың қаржылық қиындықтармен де, тікелей ИИ дамуына да қатысы жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, негізгі мәселе корпоративтік мәдениет пен артық бюрократияда жатыр. Компанияда басқару сатылары көбейіп, штат шамадан тыс ұлғайып кеткен.

Бұған дейін, 2025 жылы-ақ, Джэсси жасанды интеллект арқылы тиімділікті арттыру ақыры компаниядағы кеңсе қызметкерлерінің азаюына алып келетінін ескерткен еді. Қазір көптеген ірі корпорациялар бағдарламалық қамтамасыз ету мен күнделікті процестерді автоматтандыру үшін ИИ-ді белсенді пайдаланып, шығынды қысқартуға әрі адам еңбегіне тәуелділікті азайтуға ұмтылып отыр.

Желтоқсанда Amazon жыл сайынғы AWS конференциясында жаңа ИИ үлгілерін таныстырды. Жоспарланып отырған 30 мың қызметкерді қысқарту Amazon-ның жалпы 1,58 миллиондық штатының 2 пайызына да жетпегенімен, корпоративтік персоналдың шамамен 10 пайызына тең болмақ. Компания қызметкерлерінің басым бөлігі логистикалық орталықтар мен қоймаларда еңбек етеді.

Алдағы бұл қысқарту Amazon-ның 30 жылдық тарихындағы ең ауқымдысы болғалы тұр. Салыстыру үшін айтсақ, 2022 жылы компания шамамен 27 мың жұмыс орнын жапқан еді. Қазан айындағы қысқарту толқынына іліккен қызметкерлерге Amazon ішінде немесе сыртында жаңа жұмыс табу үшін 90 күн уақыт берілген.

Бұған дейін АҚШ-та Демократиялық партия өкілдері адамдарды технологиямен алмастыратын компанияларға «робот салығын» енгізуді ұсынып жүргені хабарланған. Себебі, жасанды интеллект АҚШ-та 100 миллионға жуық жұмыс орнын алмастыруы мүмкін деген қауіп бар.

Осыған дейін әлемдегі ең ірі онлайн-ритейлерлердің бірі Amazon компаниясы шамамен 30 мың корпоративтік қызметкерін қысқартуды жоспарлап отырғаны туралы жаздық. 

 

Соңғы жаңалықтар