«Америка дауысы» қызметкерлері мен кәсіподақтар Трамп әкімшілігін сотқа берді

АСТАНА. KAZINFORM – «Америка дауысы» қызметкерлері мен олардың кәсіподақтары жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігіне қарсы сотқа шағым түсірді, деп хабарлайды Синьхуа.

«Америка дауысы» қызметкерлері мен кәсіподақтар Трамп әкімшілігін сотқа берді
Фото: x.com/MarioNawfal

Олар АҚШ қаржыландыратын бұқаралық ақпарат құралдарының жабылуы Бірінші түзетумен кепілдік берілген құқықтарын бұзады деп мәлімдейді.

Нью-Йорктегі АҚШ округтік сотына берілген шағымда жауапкерлер ретінде АҚШ-тың Жаһандық бұқаралық ақпарат құралдары агенттігі (USAGM), оның уақытша директоры Виктор Моралес және арнайы кеңесші Кари Лейк аталған.

Шағымданушылардың қатарында «Америка дауысы» журналистері, «Шекарасыз репортерлер» және бірнеше кәсіподақтар бар. Олар Дональд Трамп әкімшілігінің 1 300-ден астам қызметкерді ақысыз демалысқа жіберіп, бірнеше жаңалық ресурстарының қаржыландыруын қысқартуы Конституцияға қайшы әрі заңсыз әрекет болды деп санайды.

Шағым USAGM-нің жабылуы туралы шешімді жоюды талап етеді. Бұл агенттік «Америка дауысы» мен басқа да БАҚ-ты, соның ішінде «Азат Еуропа/Азаттық радиосы» және «Азат Азия радиосын» қаржыландырады.

Бұған дейін Трамп жеті федералды агенттікте, соның ішінде «Азаттық радиосы» мен «Америка дауысына» жауапты USAGM-де қысқарту жүргізуді бұйырғаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар