Америка кубогы: Месси пенальтиден мүлт кетсе де, Аргентина жартылай финалға шықты

месси
Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Америка кубогының 1/4 финалында танымал жұлдыз Лионель Месси бастаған Аргентина құрамасы Эквадорды пенальтилер сериясы арқылы жеңіп, жарыстың келесі сатысына шықты. 

Жанкүйерлер бұл кездесуде Аргентина құрамасы еш қиындықсыз басым түседі деп болжаған еді. Десе де ойын барысында эквадорлық футболшылар азулы қарсыласына лайықты деңгейде төтеп беріп, жеңісті жұлып әкетуге жақын қалды.

Ойынның 35-минутында аргентиналық Лисандро Мартинес мергендік танытып, өз құрамасын алға шығарды. Одан кейін олардың басымдықты арттыруға көп мүмкіндігі болған еді. Алайда ол мүмкіндіктер ешбір пайдаға жараған жоқ. Есесіне 91-минутта өз қақпасына эквадорлық Kевин Родригестің голын жіберіп алды. 

Қосымша кезеңде гол соғылмаған соң ойын пенальти сериясына ұласты. Алғашқы болып пенальти тебуге шыққан Лионель Месси эквадорлық қақпашы Александер Домингесті қапы қалдыра алған жоқ. 

Әзірге Америка кубогында Лионель Мессидің қанжығасы майланған жоқ. Бірде-бір кездесуде гол соққан жоқ. Ал, аргентиналық қақпашы Эмилиано Мартинес пенальти сериясында екі соққыға тосқауыл қоя білді. Нәтижесінде 4:2 есебімен жеңіске жеткен Аргентина жартылай финалға шықты.

Енді олар 10 шілдеде Венесуэла мен Канада жұбының жеңімпазымен кездеседі. 

Айта кетсек, ширек финалда 5 шілдеде Венесуэла мен Канада, 6 шілдеде Уругвай мен Бразилия, Колумбия мен Панама ойнайды.

Биыл Америка кубогы 20 маусым мен 14 шілде аралығында АҚШ-тың 14 қаласында өткізілуде. 

Америка кубогы 1916 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Қазірге дейін Аргентина мен Уругвай -16, Бразилия - 9, Парагвай, Чили, Перу - 2, Клоумбия мен Боливия - 1 мәртеден чемпион атанды. 

Соңғы жаңалықтар
telegram