Америка кубогында Аргентина мен Колумбия ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Америка кубогы финалына жолдама алған тағы бір құрама белгілі болды. Мұндай мүмкіндікке Колумбия құрамасы қол жеткізді.

Жартылай финалда колумбиялық футболшылар Уругваймен шеберлік байқасты. Олардың қатарынан 39'-минутта Хефферсон Лерма соққан жалғыз гол кездесу тағдырын шешті.
Осылайша олар қарсыласын 1:0 есебімен жеңіп, өз тарихында үшінші мәрте финалға жолдама алып отыр. Аталған құрама 2001 жылы чемпион атанса, 1975 жылы екінші орынға табан тіреді. Ал 1987, 1993, 1995, 2016, 2021 жылдарда үздік үштікті түйіндеді.
Енді Колумбия құрамасы 15 шілдеде финалда Аргентинамен ойнайды.
Ал 3-орын үшін 14 шілдеде Канада мен Уругвай жасыл алаңға шығады.
Биыл Америка кубогы 20 маусым мен 14 шілде аралығында АҚШ-тың 14 қаласында өткізіледі.
Америка кубогы 1916 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Қазірге дейін Аргентина мен Уругвай -16, Бразилия - 9, Парагвай, Чили, Перу - 2, Колумбия мен Боливия - 1 мәртеден чемпион атанды.