Америка үшін маңызды күн: Трамп түрлі елдермен сауда келісіміне қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ бірнеше елмен сауда келісіміне қол қойды, сондай-ақ Дональд Трамптың 1 тамызға белгіленген баж салығын енгізу мерзімі алдында Үндістан мен Бразилияға баж салығын енгізді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Америка үшін маңызды күн: Трамп түрлі елдермен сауда келісіміне қол қойды
Фото: АА

— 1 тамызға белгіленген мерзім өзгеріссіз және ұзартылмайды. Америка үшін маңызды күн! , — деп жазды ол Truth Social-да.

Оңтүстік Корея 

Оңтүстік Корея АҚШ экономикасына 350 млрд доллар инвестиция құйып, америкалық компаниялардан 100 млрд доллар сомасына энергия ресурстарын сатып алады. Бұл екі ел арасындағы сауда келісімінің нәтижесі. Дональд Трамп бұл жаңалықпен Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында бөлісті. 

— Оңтүстік Корея үшін 15% кедендік бажы туралы келістік. Америкаға баж салынбайды. Сондай-ақ Оңтүстік Кореяның Құрама Штаттармен сауда жасауға толық ашық болуы және олар америкалық өнімдерді, соның ішінде жеңіл, жүк көліктері, ауылшаруашылық техникаларын және т. б. қабылдайтыны туралы келісілді, — деп жазды Трамп.

Бұдан басқа, Ақ үй басшысының айтуынша, Сеул де қомақты инвестиция бөлуге келісті, оның көлемін тараптар екі апта ішінде Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Вашингтонға келген кезде жариялайды.

Таиланд және Камбоджа 

Сондай-ақ АҚШ-тың Камбоджа және Таиландпен сауда келісімдерін жасасқаны туралы белгілі болды. 

Мәміленің егжей-тегжейі әлі келтірілген жоқ.

Таиланд пен Камбоджа арасындағы бейбіт келісімге қол қойылған соң АҚШ президенті өзінің делдалдық әрекеттері екі ел арасындағы қарулы қақтығыс кезінде «миллиондаған адамның» өліміне жол бермегенін хабарлады.

Гонконгтың South China Morning Post газетінің жазуынша, Трамп сауда келіссөзін екі елді келіссөз үстеліне отырғызу үшін «шоқпар» ретінде пайдаланып, Вашингтон шайқастар жалғасып жатқанда екі елмен де сауда келісіміне қол жеткізе алмайды деп қорқытқан.

Пәкістан

АҚШ сондай-ақ Пәкістанмен ел аумағында ірі мұнай кен орындарын бірлесіп игеруді қамтитын сауда келісіміне қол қойды.

— Біз жаңа ғана Пәкістанмен келісім жасадық, оған сәйкес АҚШ пен Пәкістан бұл елдің орасан зор мұнай қорын бірлесіп игереді. Қазір бұл серіктестікке жетекшілік ететін мұнай компаниясын таңдап жатырмыз. Кім біледі, бір күні олар Үндістанға мұнай сататын шығар, — деп жазды Ақ үй басшысы Truth Social-дағы парақшасында.

Үндістанға қарсы баж

Бір күн бұрын Дональд Трамп Үндістанға 1 тамыздан бастап 25% көлемінде баж салығын енгізетінін мәлімдеді. 

— Үндістан біздің досымыз болса да, біз олармен көп жылдар бойы салыстырмалы түрде аз бизнес жүргіздік, өйткені олардың тарифтері тым жоғары, әлемдегі ең жоғарының бірі және олар кез келген елдің ең ауыр және жиіркенішті монетарлық емес сауда кедергілеріне ие», — деп жазды Дональд Трамп Truth әлеуметтік желісінде. https://truthsocial.com/@realDonaldTrump/posts/114942106248731470

АҚШ Сауда өкілі Джеймисон Грир дүйсенбіде CNBC-ке Үндістанмен қиын сауда келісіміне қол жеткізу үшін екі ел арасында көбірек келіссөз жүргізу қажет екенін мәлімдеді.

Бразилияда қарсы баж

Дональд Трамп Бразилиядан келетін тауарлар мен қызметтерге баж салығын 50 пайызға дейін арттыратын жарлыққа қол қойды.

Бұған дейін 10 пайыздық мөлшерлеме күшінде болатын. 

— Бразилиядан АҚШ-тың кедендік аумағына әкелінетін тауарларға заңға сәйкес 40% қосымша адвалорлық баж салығы салынады, — делінген жарлықта.

Баж салығын арттыру Трампты белсенді қолдаған Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонаруға қатысты жалғасып жатқан сотқа байланысты жүзеге асырылып жатыр. Вашингтонның нұсқасы бойынша, сот процесі «адам құқықтарын бұзатын» «саяси астарлы» қадам.

Болсонару 2023 жылдың қаңтарында Бразилия астанасында тәртіпсіздіктерді тудыруға көмектесті деген күдікке ілінді. 

Бразилия президенті Лула да Силва бразилиялық тауарларға баж салығын енгізу Құрама Штаттар экономикасының өзіне кері әсер етуі мүмкін екенін ескертті.

Бразилия Парламенті Федералдық Сенатының мүшесі Карлус Виана АҚШ-тың бразилиялық импортқа тарифтері БРИКС қауымдастығының күшеюінен қорқумен байланысты болғасын Болсонаруды қолдау сылтау екенін мәлімдеді. 

Еске сала кетсек, АҚШ президенті Дональд Трамп Бразилиядан келетін тауарлар мен қызметтерге салынатын кедендік баж салығын 50 пайызға дейін арттыруды көздейтін жарлыққа қол қойды. 

Бұған дейін Дональд Трамп АҚШ 1 тамызға белгіленген 14-тен астам елге кедендік баж салығын енгізуді кейінге қалдырмайтынын ескерткен.

Соңғы жаңалықтар