Америкалық әнші қайырымдылық қорларына қаржы бөлді
АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық әнші Тейлор Свифт Рождество мерекесіне орай, түрлі қайырымдылық қорларына 2 миллион доллардан астам қаржы аударды, деп хабарлайды NBC News.
Коммерциялық емес қорлар әншіге мерекеде көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтты.
Ұйымдардың мәліметінше, Свифт АҚШ-тағы «Feding America» аштықпен күресетін қоры мен Америка кардиологиялық қауымдастығына (AHA) бір миллион доллардан берді. Сонымен қатар, ол қиын өмірлік жағдайға тап болған музыканттарға көмек көрсететін MusiCares қорына қомақты қаржы аударды.
Американдық кардиологиялық қауымдастық әншінің үлесі ғылыми зерттеулерді ілгерілетуге, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға және медициналық көмекке қолжетімділікті кеңейтуге көмектесетінін атап өтті.
Country Music академиясы түскен табыс денсаулығына байланысты қаржылық қиындықтарға тап болған әртістерге көмектесетін ACM Lifting Lives бағдарламасына жұмсалатынын хабарлады.
Рождестволық қайырымдылық шарасы әншінің белсенді әлеуметтік ұстанымының және гуманитарлық бастамаларды көптен бері қолдап келе жатқанының тағы бір дәлелі болды.
Айта кетейік, бүгін әлем католиктері Рождество мерекесін тойлайды.